ЖАСТАР! ЖҮРЕК ТОЛҚЫТҚАН ШЕРДІ, МИ ТОЛҚЫТҚАН ОЙДЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҒАРЫП, МАЙДАНҒА САЛЫҢДАР!

Оқырман назарына Қошмұхамет Кемеңгерұлы шығарған «ЖАС АЗАМАТ» газетінің 1918 жылғы 30 шілдедегі алғашқы санын ұсынамыз. «Алаш серіктігі» бастырған «ЖАС АЗАМАТ» газетінің қазақ баспасөзінде алар орны айрықша. 1918 жылы 30 шілдесінен 1919 жылдың 8 ақпаны аралығында барлығы 22 саны жарық көрген «Жас азамат» газетінің шыққанын биыл 100 жыл толып отыр. Алты миллион Алаштың, жарық ойлы жастары арасындағы Тұңғыш қазақ жастары газеті «ЖАС АЗАМАТ» Қызылжарда шықты. 

Дайындап ұсынған Алаш ардақтыларының бірі Қошке Кемеңгердің тікелей ұрпағы, Омбы өңірінің тумасы — Қайырбек Кемеңгер.

ЖАС ТІЛЕК

Жастар съезінің тілегі орындалды: өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай, «Жас Азамат» тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шықты.

Келешектің қараңғылығы, саяси ауаның күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей апаты күшті күндердің тууы, дүние болу-болмау сол әлінің майданға қойылуы, ұлттың өмірлік құқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың үкім сүруі, «Жас Азаматтың» үстіне ауыр жүк салып отыр, қоғамдасып-қолтықтасып күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу — жастардың басты міндеті, үлкен борышы.

«Жас азаматтың» алтын идеялы, әулие мақсаты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі.

    Бұл тілекке жету үшін «Жас Азамат» Алаштың алтын туын жайқалдыра алатын, дұшпанға күйініш, досқа қуаныш салатын, іргелі ер қылатын бірлікті қолданады. Әлсізді күшейтетін, ауырды жеңілдететін табиғаттың қожасы болған шаруа міндетін қолданады. Ар-иманның, таза адамшылықтың түпкі тамыры әділдікті қолданады.

Осы айтылған жолдарда қарсы күш — қалың жау тұрса да, таудан үлкен тұрмыстық кедергілер тұрса да, «Жас Азаматтың» бет алған сапарынан қайтпайтынына иманымыз берік.

«Жас азамат» қажыса, талса, қатерден қорықса, от екпінді ұлтшыл жастардың рухының сөнгені, ұлт үшін «ыстық қан, жас жан құрбан!» деген пікірден қайтқандығы жоқ…

Бұл мүмкін емес, өйткені, жүректеріне нық байланып, ыстық қандарына сіңген зат — бір буыннан бір буынға көшіп отыратын қасиетті мұра.

Алты миллион Алаштың, жарық ойлы жастары арасындағы жалғыз «Жас Азаматты» алып шығып, асырай алмаса, тұғырға қондырып баули алмаса, пұлға мұқтаж қылса, жас атаулының сүйегіне тарихи ұят таңбасы басылады.

Жастар! Келешектегі буындардан алғыс, я қарғыс алатын дәуірге кездестіңдер! Ұлттың гүлденуі көркеюі, «Алаш Орданың» абыройы, айбынды болуы сендерден. Кәрі буыннан қайыр аз. Кәрі буын (біразын шығарғанда) қажыған, қайраты қайтқан буын, ерлігі сөніп, жауынгер бабаларын ұмытқан буын, «төрелерге» құлдық ұрып жатыр. Түймеге табынған буын, сайлау, партиясымен миларын шірітіп, ұлт намысын, жұрт жұмысын күндік тамағына айырбастаған буын.

Мәдениеті жоғары ұлттардың жастары ұзақ жылдар от өмірді ғарып қылып, көз жасын, жүрек қанын сел дария қылып, ойлаған мақсатына жетіп отыр. Көз алдымыздағы орыс студенттері алпыс жылдан астам азаттық жолында ескі үкіметпен күресіп келді.

Біздің Алаш жастары 1905 жылдан ғана бастап, әлеумет қозғалысына кірісіп, саяси күреске ат салыса бастап еді. Енді мінеки, аз жылдың ішінде өз міндетін көздеген нысанаға тигізіп отыр. Алаш ұранының үкіметі «Алаш Орда» құрылды.

Аз бейнетпен табылған дәулетті салақсып, ұсақ жұмысқа кірісіп, қолдан шығарып жіберу — кешілмейтін кінә.

Жастар! «Алаш Ордаға» мәдени күш беретін күндерің туды! Жер-су, бірлік-берекеден айырылған кәрі буынның осы уақытқа дейін істеген зор қателері, жетер!

Билік тізгінін қолға алатын күндерің туды.

Ел үшін, жер үшін: «Алаштап!» Ақ ту көтеріп найза салып, садақ тартатын күндерің туды.

Жастар! Жүрек толқытқан шерді, ми толқытқан ойды жарыққа шығарып, майданға салыңдар!

Алда жүрген Алаш жолында аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өнеге алыңдар!

Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар!

Күнді — түн, жақынды — жат, пайданы — зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірмеген елді ойлаңдар!

Түн қараңғы, дауыл қатты. Бірақ, ұлт бақыты жастарға – нұрлы сәуле!!!

Жасасын, «Алаш Орда!»

Жасасын, Алаш көшбасшылары!

Жасасын, Алаштың жаужүрек, ұлтшыл жастары!

АЛАШ АЗАМАТТАРЫНА!

180 миллион Россия халқын 300 жылдан астам бір шыбықпен айдаған Роман тұқымының тағы күйреп, іс басынан құлағандай, жеті айдай зорлықпен, қанішерлікпен билік жүргізіп дәурен сүрген большевик үкіметі де, Сібір жерінде жығылды.

«Дін үшін, туған жер үшін, патша үшін!» деп Николай үкіметі халықтың қанын қандай сорса, социализм үшін, жұмыскер кристиан үшін, Совет үшін!» деп большевик үкіметі де халықтың қанын сондай сорды.

Қолдан мал, бастан ерік кетті. Бостандық, теңдік арманы арамтамақ, қаны бұзықтардың тепкісіне түсті. Халықты қараңғыдан жарыққа шығару жолында аюдай үкіметпен алысып, абақтыда бит-бүргеге жем болып, қыршын өмірлерін қорлықта, таршылықта өткізген саяси сабаздар, олардың бейнеті, қаны мен миынан табылған олжа да зорлықшылдардың аяғының астында қалды.

Ел таланды, шабылды, ашықты, ер-азамат қанға батты, алыстағы алысқан жау былай қалып, аяқ астынан жауласып, ағайын жұрт бірінің етін бірі жеді.

Қара халықтың өзі сайлап қойған мекемелері тас-талқан болды. Ұры-қары, ит мінезді азғындар халықтың қасиетті тағдырына ие болды. Халық қазынасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.

300 жылдай қорлық көрген 180 миллион халықтың атан бәйге ат жарысы, ұлы дүбір үлкен тойда бас қосатын құрылтайы (учредительное собрание) басқан ізі қан сасыған, жүгенсіз топтың, қара күштің қаһарына ұшырады.

Бұратаналардың билігінің өз қолында деген арман-үміті қапыда аққан қан болды.

Қырым, Кавказ, Башқұртстанның, Түркістанның… қанды оқиғалары, большевиктердің қанқұмарлықтарына айдай айқын дәлел. Алты миллион Алаш халқы көз жасын төгіп, құдайдан тілеген Ақ ордасын тіге алмады. Алаш азаматтарының қайсысы қараңғы тар абақтыны көрді, қайсысы бұлт жамылып, мұз төсеніп, қашып жүрді, қайсысы жасылданып жанған отқа, шапқан қылыш, атқан оққа қарсы жүрді.

Алаш үшін ажалдан тайынбады, басқа жұрттың большевигі біреу болса, Алашқа деген екеу болды. Өзімшілдігін ұлт пайдасын сатқан жақыннан жат шықты.

Қашан да болса, ақтық шындық үстіге шықпақ, жауыздық жоғалмақ – тұрмыс заңы. Большевиктердің һәм болшевикшілдердің жеті айдың ішінде істеген зорлықтары өздеріне жендет болды.

Қар суындай, қазанның күйесіндей большевиктер жоғалды.

Большевик бұлты басқан бостандық күні жарқырап, жаңадан шықты, нұрын төкті.

Азаматтар!

Құдай Алаштың тілегін берді. Дұшпан кеудесі басылды, үні өшті. Қозғалмастай күйге түсті.

«Алаш Орда» тігілді, Ақ ту көтерілді. Күні ертең тұрмыс тонын пішетін, келешекке үлгі жөн салатын Алаш құрылтайы болмақ.

Аяқтан әуіре, қолдан кісен, ауыздан қақпақ кеткен Алаш баласы өз құрылтайыңды көріп өлсең, арманың жоқ!

Өткен өмірдегі ауыр жағдайға қалың қайғы, көз жасы — бәрі де енді ұмыт болды.

Қара шаңырақ «Алаш Орданың» тігілгені — бір уақытта қазақты алға шығарды.

Ақсақалдар, ағалар!

Ақыл айтып, жол бастаңдар! Баяғы еркін дәуреннен сөз қозғап, жастардың жүректеріне қызулық жалынын салыңдар!

Қазақ-қырғыз бір кезде кемеліне келген, өз алдына хандық құрып билік жүргізген ел емес пе еді? Топ бастаған көсемі, сөз бастаған шешені, қол бастаған батыры бар емес пе еді!?

Дәулетті байлар, мырзалар!

Кісілік малда емес, әсте бүгін бар дүние, ертең жоқ. Әркім шамасына қарай ұлтына қызмет қылуы тиіс.

Большевик заманында жұрт алдағы малды садақа қылып еді. Күн жадыраған соң құдайды ұмытпау керек. Большевик бұлты айыққанмен, алдымызда қатерлі күндер көп. Қара бұлттың оңнан болса да, солдан болса да көтеріліп кетуі ғажап емес. Аласпыран күндерде мал аяп қалу ақылға да, арға да, шариғатқа да теріс.

Жастар!

Атқа мін! Басқа жұрттар көрсін!

Орал, Алтай, Ертіс, Есіл-Нұра, Еділ-Жайық бойында шарқ ұрған арыстандай ақырған Алаштың рухының сөнбегенін көрсін!

Япырмай! Кеше ғана емес пе еді, алты миллион Алаш баласының басы құралмай, жер-судан айырылып, пендеге пенде болып жүргені, мейірімсіз тас бауырлардан рахым тілеп жүргені. Міне, «Алаш Ордаға» жәрдем қылмасаңдар, ұранға қызбасаңдар, сол көңілсіз күндерің алдарыңда даяр.

Ардақты азаматтар!

Алаш туы Қағбамыз болсын, бәріміз соған қарайық.

Алаш тілегі иманымыз болсын, бәріміз соған ұйыйық.

Иншалла Алаш жасайды!

Жасасын Алаш Автономиясы!!!

Омбыдағы Алаш партиясының бас комитеті.

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу