Тұрсын Жұртбай. Шырмалған шындық немесе бiр тергеудiң тарихы

Басы өткен санда

Қазақ топырағындағы қасіретті де қатыгез оқиғанның алғашқы қара дауылындай көрінген, осынау сорақы да сойқанды тергеу ісі мен үрейлі үкім алпыс жылдан кейін ғана күшін жойды. Қазақ ССР Прокуроры ол тергеудің заңсыз жүргізілгеніне, жалған айыппен арандатулардың салдарынан сегіз адамның жазықсыздан жазықсыз ату жазасына бұйырылып, бес адамның он жылға бас бостандығынан айырылғанына наразылық білдіріп, Қазақ ССР Жоғарғы сотына істі қайта қарау туралы ұсыныс жасады. 1988 жылы 4 ноябрьде жоғары соттың Қылмысты істер жөніндегі коллегиясының мәжілісінде атақты «он төрттің»[1] тергеуі қайта қаралды. Оған Қазақ GCP Жоғары сотының председателі. Т.К.Айтмұхамбегов, Жоғары соттың мүшелері К.Т.Кенжебаев, Е.JI.Грабарник және Қазақ ССР Прокуроры Ғ.Б.Елемесов қатысты. Үш томдық тергеу ісінің[2] егжей-тегжейін зерделей тексеріп, барлық куәлардың шағымдарымен танысып, тергеу тарапынан өрескел бұрмалаушылықтар мен заңсыздықтардың жол берілгенін анықтап, Казақ ССР қылмыс және праволық Кодексінің, 375-3 статьясын жетекшілікке ала отырып, төмендегідей шешім шығарды:

Шешім: СССР Халық Комиссарлар Советтінің жанындағы ОГПУ коллеггиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Мир-Якуб, Аймауытов Жүсіпбек, Есполов Мырза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әділев Дінмұхамед, Бірімжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Софы[3], Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битілеуов Дамолла, Болғамбаев Хайретдин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрім жөніндегі қаулысының күші жойылсын, олардың іс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы токтатылсьш.

Қазақ С CP; прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын.

Қазақ ССР-нің Жоғары соты – Т.К.Айтмұхамбетов.

Коллегия мүшелері – Е.Л.Грабарник, Қ. Т. Кенжебаев».

Өкінішке орай, әділетті шешім үкім орындалып, болар іс болып, бояуы сіңген соң, алпыс жылдан кейін (қылмысты іс 1928 жылы 17 декабрьде қозғалып, іле түрмеге қамалған) ғана он төрт азаматтың бетіндегі шіркеу алынды. Баспасөзде, мәжілістерде, ғылыми-әдеби пікір таластарында аттарын атауға болмайтындардың «Қара тізімінен» есімдері сызылып тасталды. Ал, осы алпыс жылдың іщінде олардың шаңырағы ортасына түсіп, ошағының оты өшіп тынды. Барлығының әйелдері азапты жылдардың тауқыметіне төзе алмай – жүйке дертіне, сал ауруына, өкпе құртына, көк жөтелге ұшырап, қудалаудың құрбаны болды.

Ақиқаттың ақ жолы неге осынша тауқыметке толы болды екен десеңізші.

Рас, шындықтың соқпағы – шырғалаң, жаланың жолы – жеңіл. Бірақ, қуанышқа орай, тарихи тәжірибеге назар салсақ, ашылмайтын ақиқат болмайды. Ақиқат алмастың жүзі іспетті, оны ешқашанда тот баспайды. Қаншама қастандықты ойлап тауып, айлалы әдіспен, аяр арандатумен шындықты шырмаса да, түптің түбінде түнекті жарып шығады. Өкініштісі сол: қашан ақиқат қалпына келгенше, әділетсіз үкімнің қылышы талай жазықсыз жандардың ғұмырын мезгілсіз қыршынынан қиып тынды. Қастандықтың қырсығы тек жеке адамдардың ғана тағдырын тәлкекке салмайды, сонымен қатар қоғамдық ойдың, ғылымның белгілі бір саласының орынсыз тежелуіне, тіпті бір халықтың тарихы туралы теріс таным-түсініктің қалыптасуына әкеп соғады.

Ең үлкен қиянат та осы.

Мұндай қиянаттың өрши түсіп, өpic алған тұсы – сталиндік жаппай жазаға тарту, қысым көрсету, адамды қорлау, заңды – заңсыздыққа айналдыру кезеңі болғаны, қазір, құпия емес. Біз сол бір қысылтаяңы мол «қилы заманның» қалтарысын барынша жариялы түрде талқыға салып, талдап, тиісті қорытынды шығарып, байыппен сараласақ қана – тарихтың тағылымын (қасіретінің де, әділетінің де сабағын) терең түсінеміз. Қазақ халқының (өзге де бауырлас, тағдырлас ұлттармен қатар) рухани өміріндегі, ғылыми ақыл-ойының дамуындағы, үлкен бір орны толмас өкінішті күйді басынан кешкен кезеңі  – отызыншы жылдардың басы. Ең алдымен, «елі үшін еңірегеи» игі зиялылары жалған жаламен, аяр арандатумен жаппай абақтыға жабылды, Жүрекке салған жарасы ұзақ жылдар бойы жазылмай, ғылымымыздың, өнеріміздің, әдебиетіміздің дамуын ауыздықтап берген әділетсіз шешім – жоғарыдағы СССР Халық Комиссарлары Советінің жанындағы ОГПУ коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы үкімі еді. Өйткені осы іспен орайластырылып, Мұхтар Әуезов бастатқан ондағаy адамның үстінен тергеу жүріп, түрмеге қамалды.

Шындығын айтқанда, бұл заңсыз үкімнің әділетсіз шешімі қазақ халқының рухани өмірін қатты күйзелтіп, ақыл-парасат мәйегін шайқап, адамгершілік-азаматтық  тұрғыдан ар-намысын қорлап, ой-өрісін тоқыратып, гылымын ойсыратып қетті. Алпыс жыл  – бір адамның саналыы ғұмырымен пара-пар. Ал, осы мерзім ішінде бір ұрпақтың өкілі дерліктей ауысып үлгеретінін ескерсек, онда халқымыздың жадынан ол есімдердің мүлдем ұмытылып кетуі қаупі төнген кезде барып аяулы ағаларымыздың, ғылымдағы төл басыларымыздың аты-жөні санамызда жаңғырығып, мәңгүрт күйден, тұманды елестен арылғандай болдық. Оған да шүкіршілік.

Еліміздің саяси-әкономикалық, праволық саясатындағы қайта құрудың жемісі мен жеңісі бұл. Әйтпесе шырмалған шындықтың тарқатылмай, көкірегіміздегі мұздың| ерімей, олардың атын күбірлеп қана атайтын күпті күндерді басымыздан қашанға дейін кешіретінімізді бір жазмыштың өзі біледі. Ал, ОГПУ-дің бұл тергеуі қашан басталды және қалай аяқталды? Жазаға тартылғандар кімдер еді? Олардың Қылмыстары қандай? Мұның бәрі де орынды сауал. Ал оған бір сөзбен, бір тергеудің дерегіне сүйеніп толық жауап бере алмайсың. Қысқа қайырып, тұтамдай тұжырғанның өзінде де, әлқиссаны әріден бастауға тура келеді.

І

Талай тағдырды тауқыметке түсірген осы «он төрттің» үстінен қылмысты іс қозғауға себеп болған басты айып пен «ең үлкен айғақтың» не екенін білгенде, ойыңа бірден Шекспирдің «Отеллосындағы» жәдігөй Яго мен Дездемонаның орамалы, өзіміздің Жантық еске түседі. Сонда өткен тарихтың тағылымынан тәлім алудан гөрі, сұрқия-аярлық тәсілінің мүлдем басқа қоғамда өзгеше астармен дамып, тұрмыстық трагедиядан саяси арандатуға ұласқанына таң қаласың.

«Оттелодағы» қайғының себепкері – орамал, ал «он төрттің ісіндегі» қасіреттің қанды мәйегін ұйытқан айғак – сурет. Кәдімгі фотография[4].

Ол суреттің күнделікті шеберханаларда түсірілетін рәсімдерден айырмашылығы шамалы. Адамдардың біразы орындықта отыр, үш-төртеуі түрегеп тұр. Қазынаның фотографы шығарған. Он адамның кескін-келбетінен еш алаңдаушылық байқалмайды. Жасырын жиналыстың елесі де жоқ. 1921 жылы Ташкент қаласында бас қосып қалған ежелгі таныстардың естелік үшін түсе салған қалпы. Тіпті – кейбірі бір-бірімен тұңғыш рет кездескен. Мұнда тұрған не бар? Әрине, ештеңе де. Бірақ байқаусызда жоғалтып алған қол орамалдың кесірінен Дездемона қазаға ұшырады. Ал, суреттегі адамдар түгелдей қамауға алынып, алды – ату жазасына, соңы он жыл түрмеге кесілді. Бірақ бірде-біреуі аман құтылмады, ажал тырнағына ілінді. Өлген соң да алпыс. жыл бойы «қара тізімге» тіркеліп аттары атаусыз қалды.    .

Соншама аты шулы қылатындай бұл суреттің не сыры бар? Ешқандайда құпия-китұрқысы жоқ. Сонда ОГПУ-дің кызметкерлерін ерекше алаңдатқан жағдай не?

Ол – осы суреттегі адамдардың басының біріге қалуы еді. Ақ қағаздың бетіндегі бейнеленген М.Дулатовтың, X.Досмұхамедовтің, Ж.Досмұхамедовтің, М.Есполовтың, Ғ.Бірімжановтың, Д.Битілеуовтың, А.Юсуповтың, К.Жаленовтың, X.Болғамбаевтың, Д.Әділевтың түр-түсі тергеу орындарының назарына ілігеді де, бірден күдік тудырады. Өйткені бұлардың арасындағы Дінше Әділевтен басқасы кезінде «Алаш» партиясының мүшелері болатын. Суреттің 1921 жылы түсірілгеніне, ал «Алашорда» қайраткерлеріне Лениннің қолдауымен 1920 жылы 3 июньде ВЦИК-тің Президиумының арнайы Указымен кешірім жасалғанына қарамастан тұтқынға алынып, тергеу жүргізіледі. Әуелде суреттегі адамдарды, одан кейін өзгелерді де біртіндеп түрмеге жапты. Демек, «он төрттің ісін» ашуға мұрындық болған кісі – Дінше Әділев.

Әрине, қылмысты істің қозғалуы тек суретке ғана қатысты десек, оларға тағылған айып тым жеңілдеу әрі сенімсіз көрінер еді. Ең бірінші – сол суреттің қайда, неге түсірілгені және кілең «алашордашылардың» бастары неге қосыла қалғаны туралы «аңыз», яғни, жүйелі түрде ойдан құрастырылған сылтау – жала қажет болды. Айыпкерлерге шыңыраудан қайтып шыға алмайтындай ғып «қанды қақпан» құру қажет еді және ондай аран дайын-тұғын. Оларға таңылатын қылмыс 1920 жылғы ВЦИК-тің кешірімінен соң жасалуы тиіс. Ал, сурет 1921 жылғы… Керек сылтау табылды. Ал енді бұлардың бас қосуын – «контрреволюциялық-террористік астыртын ұйымның кезекті мәжілісі еді» деп тонын айналдырып жаза салу әбден машыққа айналған және ешқандай күдік тудырмайтын үйреншікті де үрейлі тәсіл.

Сылтау табылды. Енді тергеуді кімнен бастау керек? 1921 жылы жиырма бір жастағы Дінше Әділев контрреволюциялық ұйым құрды деу – сыйымсыз. Саяси айып тағатындай үлкен қызметкер де емес. «Алашорданың» тұсында бозбала. Ол қазақтың тұңғыш драма театрының бірінші директоры. Алғашқы өнер отауын ел-жұрттан ине-жіп, көрпе-жастық, кимешек-шылауыш, құрық-қамшы, көсеу-шоқпар, шапан-тон, етікшәркей, тулақ-туырлық жиып жүріп ашқан азамат. Сайын далада шашырап жүрген сауыққойлар мен әншілерді жиып, оларды сахна өнеріне баулу да соның мойнына жүктелді. Қиыншылықты жеңіп, 1926 жылы 12 қаңтарда Қошке Кемеңгеровтің «Алтын сақинасын», 13 қаңтарда Мұхтар Әуезовтың «Еңлік – Кебегін» сахнаға шығарып, ұлттық театрдың шаңырағын көтерді. 1927-28 жылдары Қазақ респуликасының астанасы Алматыға ауысып жатқан өліара тұста ол жұмыссыз қалды. Әрі демалысын пайдалану үшін ауылына барды.

Ол өте бір аласапыранды тұс еді. Қазақтың 500 байын конфискелеп, мәңгілікке жер аударып жатқан саяси науқанның қызған кезі. Оған қоса зардап шеккен орташа ауқаттылардың саны бұдан төрт-бес есе асып түсті. Рулық санадан арылмаған иісі қазақ қауымы «Кіші Октябрьдің» «қара дауылына» түршіге қарап, шекараға жақын өлкедегілер Шығыс Түркістанға, Ауғанстанға, Иранға, ішінара Монголияға қарай босты. Наразылық та туды. Голощекин мен Ерназаровтың «аша тұяқ қалдырмай» конфискелеуін – аштан өлумен пара-пар деп түсінді. Кейін дәл солай болды да. Бірақ оны еститін есті кұлақ табылмады. Осындай аумалы-төкпелі тұста Ақмола уезі милициясының Сарысу ауданына жіберген өкілі Әубәкіров қаза табады. Ебепке себеп дәл келіп, Дінмұхамед (Дінше) Әділев «ағасы екеуі бірігіп аса ауыр қылмыстар жасады, милиция бастығын өлтірді» деген жалған айып тағылып, 1928 жылы 17 декабрьде түрмеге қамалады.

Бұл – жай ғана сырт көзді алдау. Өйткені Дінше Әділев түрмеге қамалысымен, одан жоғарыдағы қылмыс туралы алғашұқы күндері сұрақ-жауап алынбаған.  Тергеудің тақырыбы тек кесірлі суреттің айналасына құрылған.

Міне, тергеудің дәл осы жерінен бастап жалған лақап басталады. Зады, ОГПУ тергеушілері тек қана сұрақ-жауаппен ғана қанағаттанбай, «қылмысты мойындатудың тиімді» тәсілдеріне де жүгінсе керек. Оның жауаптары күн сайын бұлдыр тартып, қарама-қайшы сөздер айтады. Біресе – кешегі берген мағлұматына карсы шығады, біресе мүлдем басқа оқиғаны мазмұндап береді, үшінші күні – алдыңғы екеуін де мойындайды. Бұл жөнінде Қазақ ССР Жоғарғы сотының 1988 жылғы 4 ноябрьдегі мәжілісінде: «…Д.Әділев тұтқындалғаннан кейін …оның тергеу ісінде осыдаи 8 жыл бұрынғы, яғни, 1921 жылғы бұрынғы алашордашылардың қылмысты әрекеттері туралы күмәнді және қарама-қайшы пікірдегі сөздер пайда бола бастайды. Әділевтен бірнеше рет сұрақ-жауап алынған (істе ол тергеудің стенограммасы ғана сақталған) және әр жолы шым-шытырық шатасқан, жүйесіз. Әрі қарама-қайшы жауаптар берген»,– деп (бұдан кейін сот коллегиясының тұжырымынан алынған сөздерді сілтеме жасамай, тырнақшаға алып береміз – Т.Ж.) қорытынды жасалған.

Жоғары сот «тергеудің стенограммасы ғана сақталған» деп неге ерекше ескертіп отыр?

Мұның тергеу, сот ісінде үлкен мәнісі бар. Қылмысқа қатысты жауапқа тартылған әрбір айыпкер (немесе куәгер) өзінің іс-әрекеті туралы (егер мойындаса) өз қолымен жазып беруі тиіс. Сондай-ақ тергеушінің сұрақ-жауабының стенограммасына: «Танысып шықтым. Тағылған айыпты мойындаймын», не «мойындамаймын» деп қолын қоюы шарт. Егер, айыпкер адам хат танымаса, бармағын басып куәландырады. «Бармақ басудың» Дінше үшін ешқандай қажеттігі жоқ. Көзі ашық, сауатты. Театрдың бүкіл есеп-қисабын жаңылмай жүргізіп, көркемдік шеберлігіне жауап берген адамның өз ойын қағаз бетіне толық жеткізіп, түсіре алатындай қабілеті болса керек. Сондықтан да, сұрақ-жауапты стенограммаға тергеушілердің өздерінің түсіруінің мәнісі: олар айыпкерге қылмысты қалай таңамын десе де – сондай ерікке ие болады. Жауаптың бір-біріне қайшы келуін де сол себептен деп түсінген лайық. Қалайда, шындықты шырмауықпен тұмшалау үшін әр түрлі айла, сылтау, жала ойлап табуға ұмтылған. Немесе Дінше Әділевке қысым көрсете отырып, болмаған қылмысты мойындатуға тырысқан.

«…Ол (Д.Әділев – Т.Ж.) 1921 жылы Орынбор қаласынан өзінің КирЦИК-ке мүше болып сайланғаны туралы телеграмма алады да, сонда жүріп кетеді. Ішкі істер халық комиссариатында істейді, онда КирЦИК-тің жатақханасында танысы Болғамбаевпен бір бөлмеде тұрды. Coл арқылы бұрынғы алашордашылар Бөкейхановпен, Байтұрсыновпен, Омаровпен, Сәрсеновпен жиі қарым-қатынас жасайды. 1921 жылы аталған адамдар Омаровтың бөлмесін жиналады, онда Байтұрсынов шифрмен (бүркемеленіп) жазылған Валидовтың хатын оқып береді. Соңғы адам (Валидов – Т.Ж.) Бұхара каласында мұны қолдайтын үлкен күштің тұрғандығын хабарлап, өзімен келісім жүргізу үшін арнайы адам жіберуін өтінген. Бұл хатты талқылаудың барысында өздерінің жасырын ұйымын құру туралы шешім қабылдайды және Валидовпен келісім жүргізу үшін – мұны, Әділевті, ал шетелмен байланыс жасау үшін – Болғамбаевты жіберу керек деп келіседі. Соңғы адам (Болғамбаев – Т.Ж.) «Алашорданың» Торғай бөлімшесінің мөрі басылған арнайы мандатымен (Ол кезде «Алашорда» партиясы таратылып кеткен. Барлық іс-қағаздары, мөрі үкіметке тапсырылған – Т.Ж.) шетел державаларымен келісім жүргізуге кепілдік алады, ал Әділев болса Орта Азиядағы ұйымдармен байланыс жасайтын өкіл боп бекітілді.

Содан кейін оны (Әділевты) Оқу-ағарту халық комиссариатына жұмысқа ауыстырып, оқулықтар әкеледі деген сылтаумен Ташкент қаласына командировкаға жібереді. Ол онда Болғамбаевтан бұрын барады, Дулатовты, Досмұхамедовты іздеп тауып, өзінің келудегі мақсатын оларға айтады. Дулатов оған: өзінің қызметкері Бірімжановты Бұхарадағы Валидовқа жіберіп қойғанын білдіреді. Соңғы адам (Бірімжанов – Т.Ж.) Бұхарадан қайтып оралған соң, олар Болғамбаев пен Битілеуов (және Әділев – Т.Ж.) үшеуі тағы да Валидовқа барады. Валидов оларға Совет өкіметіне қарсы бірігіп күресу үшін бізге қосылыңдар деп ұсыныс жасайды. Болғамбаев пен Битілеуов ол арадан кері қайтып кетеді де, бұл (Әділев – Т.Ж.) қалып қояды. Содан кейін Валидовтың тапсырмасы бойынша ол Ферғана маңындағы Жанұзақовтың басмашыларына аттанады. Алайда сол күні қызылдар отрядқа шабуыл жасайды, отряд тарқап кеткендіктен, Әділев тағы да Ташкентке қайтып келеді. Өзінің Валидовпен арадағы жүргізген келіссөзінің қорытындысын ол Байтұрсыновқа да, басқа да адамдарға айтпаған.

1927 жылы СССР-дің Англиямен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасты үзуіне байланысты олардың бәрі де соғыс басталады деп күтті. Сондықтан да, онымен (Әділевпен) кездескен кезде Дулатов оған: енді бұрынғы алашордашыларды қуғындап, қысым жасауы мүмкін деген пікір айтты. Осыған байланысты ол: Байтұрсынов, өзі, Есполов және басқалары соғыс бола қалған жағдайда, қарулы, көтеріліс ұйымдастыру үшін, далаға (қырға – Т.Ж.) кетуге келіскенін айтты.

Ол, Әділев, Голощекинді өлтіруді көптен бері ойластырып жүрген. Бұл турасында ол Дулатовпен, сондай-ақ Аймауытовпен пікір алысқан. Содан кейін бұл тақырыпқа қайтып оралмаған».

«Он – төрттің» үстінен қозғалған қылмыстың, яғни, лақап-аңыздың мән-мазмұны осылай.

Енді мынадай заңды сұрақтар туындайды. Егер Д.Әділев шынымен кылмысты болса, дер кезінде неге ұсталмаған. Контрреволюциялық пиғылы кейін ашылған күнде, неге басқа айыппен түрмеге камалған? Қандай мүддені көздеп көзбояуышылыққа барған? Д.Әділев Сарысудағы окиғаға байланысты сол уақытқа дейін  тергеу ісіне түспеуі  қалай? Бұл арада қиялға ерік берудің қисыны келмейді. Дінше Әділев туралы тергеулердің мәліметіне жүгінсек, ол еш уакытта жұмыс істемеген, тұрақты мекен-жайы жоқ қаңғыбас, яғни экстремист ретінде көрсетіледі. «Дінмұхамед Әділев – 1900 жылы туған. Сырдария округі Сарысу ауданынан шыққан. Қазақ ССР азаматы. Партияда жоқ. Белгілі бір мекені, тұрақты жұмыс орны жоқ» деп көрсетіледі. Шындығында, ол 1925 жылдан бастап 1927 жылға дейін қазақтың тұңғыш театрының директоры қызметін атқарды емес пе. Бұрын аты-жөні белгісіз, сауатсыз адам болса, ондай қиыи да жауапты орынға Халық ағарту комиссариаты қайтіп бекіткен. Демек, мұның өзінде бір кілтипан бар.

Ол кілтипанның басты себебі – сол кездегі Қазақстанның өкімет басшыларының арасындағы саяси-әкімшілік тартысқа тікелей байланысты. Нақтырақ айтсақ, Голощекиннің «Кіші Октябрь» саясатын жеделдете жүзеге асырудан туған асыра сілтеудің кесірі.

Ол Қазакстан экономикасындағы аймақтық ерекшеліктерді, өмір сүріп, тіршілік құрудағы ұлттық айырмашылықты, халықтың тарихи дәстүрін қызыл қарындашпен бір-ақ сызып, жергілікті жұрттың қолындағы құрықтың орнына шанышқы ұстатпақ болды, Алайда, шанышқымен іліп жеу үшін табақта ас-дәм болуы керектігін ұмытты. Тіпті араб альфавитінен исламның «иісін сезіп», жедел қаріп өзгертуді талап етті.

Мұның барлығы, шындығында да, миға сия қоймайтын, сөзсіз экономикалық, рухани-моральдық, демографиялық күйзеліске апаратын қатерлі бағыт еді. Өзгені былай қойғанда, 1916 жылғы самодержавиеге қарсы ұлт-азаттық көтерілістің өзін әуеліде реакцияшыл қозғалыс деп атап, Шапиро мен Брайнин деген идеолог-тарихшыларына теріс тұжырымдар жасатып, мақала жаздырды. Тек Аманкелді Имановтың көтерілісін жаба алмайтын болған сәтте және сол арқылы ежелден тісін басып жүрген алашордашылардың көзін құртудың мүмкіндігі туғанын білісімен, әлгі екі тарихшыға Аманкелдіні ақтайтын монография шығартты. Бір халықтың тарихын жоққа тели үкім айтып, тағдырын тауқыметке итермеледі. Сол кезде Сталиннің «партия ішіндегі оппортунистер» деп атаған Каменев, Зиновьев, Троцкийлерге қарсы науқаны лап ете қалды да, соны арқаланған Голощекин бетіне еш жанды қаратпады.

Ол өзінің пікірімен қеліспеген, не қарсы шыққан партия, совет қайраткерлерін аяусыз жазалап, олардың арасына қасақана іріткі салды. Үлттық интеллигенцияға деген ерекше өшпенділік сезімі қалыптасты. Айтқанын үнсіз бас шұлғып істей беретін Елтай Ерназаров сияқты жігерсіз жандарды жанына тартты. Қазақстанның экономикасы, оқу-ағарту жүйесі, тарихы, территориялық тұтастығы, өнер мен әдебиеттегі көне мұраға көзқарас туралы баспасөз бетінде, түрлі мәжілістерде пікір таластырған партия, совет қайраткерлерін алғашында білдіртпей бір-біріне өшіктірді де, іле-шала меңдешовщина, садуақасовшина, сейфуллиновщина, ходжановщина, төреқұловшиңа, рысқұловщина деп мысқылдай келекелеп, ақыры оларды өкімет басынан қудалап тынды. Өзін Түркістан өлкесіне совет өкіметін орнатушылардың бірі, білгір ретінде санап, әскери Советтің кеңесшісі болған жиырмасыншы жылдың бас кезінде онымен келіспеген Түркістан республикасы мен Мусбюроның құрамындағы жергілікті халықтан шыққан кайраткерлердің барлығын пантюркист, оппортунист, ұлтшыл, жікшіл деп жариялады. Тіпті РСФСР Халық комиссарлары, советінің председателінің орынбасары боп отырған Тұрар Рысқұловқа да жала жабумен болды. Зиновьевтің «Голощекин Қазакстанға барысымен, жергілікті ұлт интеллигенттері мен қайраткерлерін өзара қырқыстырып, ақыр соңында оларды қуғынға салып, үлкен қиянатқа душар етті» –деген пікірі дұрыс-ты.

Мұның барлығы орны толмас қасірет әкелді.

Өзіне ең қауіпті партия, совет қайраткерлерін ығыстырған соң, коллективизацияға қарсы пікір тудырып, араб әрпін сақтап қалайық, не криллицаға көшейік деп ұсыныс айтқан Байтұрсынов бастатқан алашордашыларды тұқыртып алудың айласын қарастырды. Оларды «Алашқа» мүше болғаны үшін де жазаға тартар еді. Лениннің өзі мақұлдаған 1919 жылғы 4 сәуірдегі ВЦИК-тің Президиумының: «На оснований Постановления Всероссийского Центрального Комитета от 4 апреля 1919 г. Президиум ВЦИК предлагает: Киргизскому (Казахскому) и Сибирскому революционному комитетам и Челябинскому губисполкому широко оповестить население о вышеупомянутом постановлений ВЦИК и разъяснить, что Президиум ВЦИК находит своевременным допустить бывших членов Правительства «Алаш-Орда» к советской работе и категорически запрещает преследование за прошлую, их деятельность»– деген (Қазақ мемлекеттік архиві, 14-қор, 3-тізім, 4-іс, 11-бет. Біз мазмұны мен стилін толық сақтау үші„ тексті әдейі түпнұсқа арқылы ұсынып отырмыз – Т.Ж.) қаулысына ашық қарсы шығудан сескенді.

Сол қаулыдан кейін үш ай өткен соң, 1919 жылы 24 июльде В.И.Ленин

«…подписывает мандаты о назначении постановлением СНК от 24 июля 1919 г. С.С.Пестковского председателем, а Сейткали Мендешева, Бахытжана Каратаева, Ахмета Байтурсынова, Мухамедьяра Тунганчина, В.Л.Лукашева и А.Т.Джангильдина членом Военно-революционного комитета по управлению Киргизским краем» – деген (Владимир Ильич Ленин. Биографическая хроника, т. 7, с. 406) бұйрыққа қол қойған болатын.

Ахмет Байтұрсынов сол жылдың күзінде тағы да Лениннің қабылдауында болып, байыпты пікір алысады.

«Декабрь, позднее 9, 1919 г.

Ленин принимает в Кремле председателя Военно-революционного комитета по управлению киргизским краем С.С.Пестковского и члена ВРК А.Байтурсунова по их просьбе: слушает доклад Пестковского о хозяйственном и политическом положении края, о трудностях в политико-просветительной работе; советует подготовить несколько хороших докладов, перевести их на казахский язык и записать на граммофонные пластинки, приобрести возможно большее количество граммофонов и разослать их вместе с пластинками по кочевьям в степи; предлагает не торопиться с политикой перераспределения скота у кочевников в пользу бедноты» (Владимир Ильич Ленин. Биографическая хроника. Т. 8, с. 108.)

Бұл кездесудің маңызының қаншалықты өмірлік мәні барлығын түсіндіріп жатудың өзі артық. 1920 және 1921 жылғы Республика Советінің бірінші және екініш съезінде Ахмет Байтұрсынов үкімет мүшесі – Қазақ АССР-нің Оқу-ағарту жөніндегі халық комиссары боп сайланды. 1925 жылдан Қазақ институтының профессор-оқытушысы, сонымен катар Халық ағарту комиссариатының жанындағы әдеби-ғылыми комиссияның (Академиялық орталықтың) председателі, қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті председателі міндетін атқарды. Қазак тілінің, әдебиет, мәдениет тарихының негізін қалаған ғылымымыздағы көшбасшылық еңбегі өз алдына дербес әңгіме.

Туған халқының тағдырын ойлап, бүкіл саналы ғұмырын соған арнаған Ахмет Байтұрсынов сияқты парасатты, пайымды азаматтың іс-әрекетінен өрескел қылықты, арандатушылық қылмыстарды, сабыр мен санасына жүгінбей ет қызуымен әлденеге аңдаусыз ұрынатын пікір жеңілтектігін іздеудің өзі – ақылға сыйымсыз. Ахметті – Ақаң атандырған да сол байсалды мінезі мен парасатты пайымдаулары, кіршіксіз адалдығы, телегей-теңіз білімі мен зерек зердесі. Патшаның полицмейстрлерінің қасақана ұйымдастырған арандатуларынан аман-есен құтылған сондай зиялы адам Голощекиннің тұзағына қалай түсіп жүр, әлде Д.Әділевтың лақап-аңызында шындықтың сілемі бар ма?

Жоқ. Ақаң – Ақаң күйінде адал қалпын сақтады. Өзінің сенген идеясы мен пікірін қорғау жолындағы табандылығынан қайтпады. Халқына төнген қасіретті көре тұрып, өз өмірін де қатерге тікті. Сонау 1919 жылғы декабрьдің 9 күні түнде В.И.Лениннің өзі қолдап, «көшпелілердің малын кедейлердің мүддесі үшін қайта бөлу саясатына асықпай, байыппен келу» туралы ұсынысын зердесінде берік сақтап, өмірлік мақсат ретінде ұстанған. Сол пікірді келтіре отырып Байтұрсынов көшпелі жұрттың мал-мүлкін жаппай конфискелеуге мүлдем қарсы шықты.Үлы Октябрьдің көсемі Ленин айтқан сын-ескертпені «Кіші октябрьдің көсемі» атанудан дәмеленген Голощекин назарына ілгісі келмеді. 1928 жылы күзде байлардың мал-мүлкін ортаға алып, ет пен астықтың бір қадағын да қалдырмай сыпыра жинауға нұсқау берді. Аз жылдан соң даланы аштық жайлап, жолдың екі жақ шетінде адамдардың сүйегі ақ сөңке боп қурап жатты.

«Кіші октябрьдің» осындай қасіретпен аяқталатынын болжап-білген азаматтардан құтылу үшін, «конфискацияға карсы қастандықтарды ұйымдастырып, науқанның өрістеуіне кесірін тигізіп, бүлдірушілік әрекеттер жасауы мүмкін» деген желеумен революциядан бұрын білім алған отыздан астам қазақ интеллигенттерін түрмеге қамау туралы жарлық шығарды. Ал, олардың саны әр таудың басында өскен жалғыз шынар сияқты өте аз екенін ескерсек, халықтың рухани өсуіне қандай зиян келтіргені айтпаса да түсінікті. Бұл – халықтың ақыл-ойының тамырын балтамен кесу деген сөз.

Бұл кезде, Қазақстанның астанасы Қызылордадан Алматыға ауысып жатқан. Мемлекеттік басқару аппаратының жартысы Сыр бойында, жартысы Алатаудың етегінде еді. Голощекин әкімшіліктің орын ауыстырғанын еппен пайдаланып, жаңа қонысқа бұрынғы «жайсыз» кадрлардан арылып баруды көздеді. Ол ойын жүзеге асырды да. Ахмет Байтұрсынов 1928 жылдың 5 қазанында Алматыға көшіп келіп, КазПИ-де сабақ берді. 1929 жылдың 2 маусымда Қызылорда қаласында өтетін әдебиетшілер мен тілшілердің жиналысына шақырылады да, сол жерде қамауға алынып, қайтадан Алматының түрмесіне жөнелтіледі.

«Байтұрсынов Ахмет. 1870 (Нағында 1873 ж. туған — Т. Ж.) Қостанай облысының Торғай ауданында туған. Қазақ ССР азаматы. Партияда жоқ. Арнайы орта білімді. КазПИ-дің оқытушысы. 1921 жылы Орынбор қаласында контрреволюциялық ұйым құрып, Орта Азиядағы пантюркистік ұйымдардың басшысы Валидовпен байланыс жасағаны үшін қылмыскер деп табылды, Сондай-ақ 1927 жылы далада (?) қарулы көтерілісті дайындау туралы мәселені талқылауға қатысты. Сол үшін РСФСР қылмысты істер кодексінің 58 статьясының 2, 4 және 11 тармақтарына сәйкес жасаған қылмысы бойынша жазаға тартылды».

Халық басын қара бұлттай тұмшаланып, миллиондаған адамдардың обалына қалып, қазасын арқалаған қасіретті «58-статьяның» Қазақстандағы алғашқы тауқыметті таңбасы Ахмет Байтұрсыновтың «қылмысты ісіне» басылды. Бұл – адамның ақыл-ойына, ар-ожданына, жан-жүрегіне, адалдығына басылған қарғыс таңбасы, жеке адамды қорлаудың ең сойқанды  – азғын түрі, аярлық пен арандатудың қара туы еді. Соңдықтан да қанқұйлы «58»-дің СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указы бойынша жойылуы –  сталиндік репрессияның әшкереленуімен пара-пар, ар-ұяттың, адамгершіліктің, ақиқаттың ақ туының шын мәнінде салтанат құруы болып табылады. Өкінішке орай, ол статьяның күші бүгін ғана батып, құдіретті күшін жойды. Ал, 1928 жылы, он бір бапты (тармақты) “58” атты жас айдаһардың жаңа ғана басын көтеріп, бет қаратпай келе жатқан «шағымды кезі» (М. Әуезов) еді.

Бұл статьяны бүгін еркін сынауға болады, ал күні кешеге дейін ше? Атын атамаңыз, еске түсірудің өзі қорқынышты… Ал, Ахметтей азаматтар оның барлық құқайын көріп, азап- қазабын тартты.

Мұхтар Әуезовтың естелігіне жүгінсек, әр күні сұрақ-жауапқа бара жатқанда, бүгін кімнен не сұрайтынын, қандай «айғақ» ұсынатынын алдын-ала болжап, дәл тауып отырады екен. Голощекиннің кімге, не үшін тісін басқаны және оның конспираторлық, әккі тәсілдерінің бәрі Байтұрсыновқа да таныс жайлар-тын.

 Шындығына сайсақ, бұл Ахмет Байтұрсыновтың бірінші рет түрмеге отыруы емес-тін. Ол мүшел жасқа – он үшке толғанда, отаршылдықтың итаршысы, параға бөгіп, зорлық-зомбылық көрсеткен Торғай уезінің бастығы, кәрі ояз Яковлевті сабап, басын жарған әкесі Байтұрсын мен ағасы Ақтас 15 жылға Сібірге айдалады. Ақтастың әйелі олармен бірге болып, аң терісін илейді, құлақшын, тымақ, етік тігіп, қаржы тауып, оған тамақ сатып алып, түрмеге жасырын жеткізіп тұрады. Қазақтың қарапайым әйелі екі азаматты асырайды. Жандарм тыңшылары 1909 жылғы реакция тұсында Ахметтің соңына түсіп, 1 шілдеде тұтқындалып, Семей түрмесіне қамады. Онда 1910 жылдың 21 ақпанына дейін сұрақ-жауапсыз жатып, азап шекті.

Ресейдегі революциялық рухтағы газетте «Қазақ ақыны Ахмет Байтұрсынов түрмеде» деген мақала жарияланды. Қапастағы қазақ педагогының тағдыры II Думаның мүшелерінің де назарына ілінді. «Бұратана халықтың зиялысының» азаматтық правосын аяққа басқандығы туралы Дума мүшесі Н.Скалокубов Ішкі істер министрі П.Г.Курловқа ашына жазып, Ахметтің ар-намысын қорғады.

«Көптеген айлар бойы ешқандай сотсыз-тергеусіз Семей мен Өскеменнің түрмелерінде қапаста отырған бірнеше қазақ зиялылары өздерінің және олардың үй-ішінің аса күйінішті жағдайларына назар аударуды өтінеді.

Семейдегі түрмеде жатқан Ахмет Байтұрсыновтың әйелі мен жергілікті тұрғындардан оның ісі мен жағдайын анықтауды ұсыныс жасаған хат алдым. Байтұрсынов — қазақтың ақыны, Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударған. Ол Қарқаралыдағы орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі болған. Семей губернаторы оған — қазақ халқының атынан Император Ағзамға талап-тілек білдірген хатты жазуға қатысты, содан кейін – менің сенімді адамдарымның мәліметі бойынша, мүлдем негізсіз – қазақтардың арасына сеператистік идеяны таратты және алым-салықты төлемеді деген кінә таққан.

Ол 1 шілде күні тұтқындалған, бірақ осы күнге дейін оған ешқандай қылмысын айғақтайтын айып таба алмай отыр.

Өскеменнің (Семей обл.) түрмесінде отырған тұтқынның 11 қазан күні маған жазған хатыңда — оларды тұтқындарды, «аяусыз тепкілейтінін» хабарлады.

Мемлекеттік Думаның мүшесі Н. Скалокубов. 17 қараша. 1909 Мойка, 31,6». (ЦГАОР СССР. қор -102,7-.тізім —1909 г, сақталу реті –1881, 13 – парақ).

Таврия сарайына жолданған бұл хат Ішкі істер министрінің іс қағазына 7 желтоқсан күні тіркелген. Әрине, Дума мүшесінің мәліметі аяқсыз қалмай, дер кезінде «кеңсе айналымына» түскен. Өйткені алты ай бойы қозғалмаған іс шұғыл түрде қолға алынады. Ешқандай да айып табылмай, шұғыл түрде – бір тәуліктің ішінде Семей қаласын тастап шығуға, үш жыл бойы қазақ даласынан сырт жерде тұруға үкім шығарады. Ахмет Байтұрсынов – ежелден ғылыми-мәдени дәстүрі бар қазақтың оқыған азаматтары жиналған Орынбор, қаласына кетеді.

Тағдырдың тәлкегінде шек болсашы. Араға тура жиырма жыл салып (1909 жылдың 1шілдесі — 1929 жылдың 2 маусымы), Ахмет Байтұрсынов тағы да түрмеге түсті. Біріншісі – «халықтың түрмесі» атанған патшалық самодержавиенің абақтысы. Онда халқының азаттығын аңсағаны үшін қамалды. «Екіншісі – Халық Комиссарлары Советінің ОГПУ-ы – Ерекше мемлекеттік саяси басқарманың түрмесі. Бұл жолы азат еліне сіңірген еңбегі үшін ұсталды. Өзгеше себеп ойлап табу қиын-ақ.

Сонымен Ахмет Байтұрсынов «астарын контреволюциялық ұйым» құрды ма, жоқ па? Пантюркист Валидовпен хат алысқаны рас па, жалған ба?

Оған жауап iздеп, қосымша тергеу жүргiзбей-ақ, Қазақ ССР Жоғары сотының 1989 жылғы 4 қарашадағы анықтамасына жүгiнсек те жеткiлiктi. Мәселенiң басы сонда толық ашылған, яғни, Дiнше Әдiлевтың көрсетуi түгелдей терiске шығарылған. А.Байтұрсыновтың жауабының мазмұны мынадай:

 «…Әділевтің берген жауабын Байтұрсынов та, Бөкейханов та растады және төмендегiндей түсiнiк бердi: олар «Алашорда» таратылып, 1920 жылы Совет өкiметi жағына шыққаннан кейiн ешқандай да саяси iспен айналыспаған, ешқандай контреволюциялық ұйым құрмаған.

Бұл жөнiнде берген Әділевтың жауабы ойдан шығарылған, олар Валидовтың ешқандай да хат алмаған. Оларға (Байтұрсынов пен Бөкейхановқа – Т. Ж.) Валидовтың бағыты (платформасы) белгiлi болатын, бiрақ та оған бұлардың ешқандай қатысы жоқ.

Сонымен қатар, Байтұрсынов Әділевпен бетпе-бет кездесiп, куәласқанда, ол (Байтұрсынов) соңғы адамға (Әділевке): «Алаш» партиясы құрылған күннен бастап, оның (Әділевтың) ағасымен пікір араздығы бар екендігі, сондықтан да бұған (Әділевке) еш нәрсенi сенiп тапсырмайтындығын айтты. Өз кезегінде Әділев өзiнiң ағасының Байтұрсыновпен қырғи қабақ, дұшпандық қарым-қатынаста болғандығын мойындады.

Дулатов та, Омаров та, Есполов та, Болғанбаев та, Бiрiмжанов та, Жәленов те және басқалар да контреволюциялық ұйым құрғандығы жөнiндегi Әділев сөзiнiң жалған екендiгiн дәлелдедi. Содан кейiн аталған адамдардың барлығы да тұтқындалып, олардың бiрнешеуiн ерiксiз түрде «мойындаттырған жауап» алынды.

Соның iшiнде, бiрнеше рет қатарынан жүргiзiлген тергеуден соң, Болғанбаев мынадай жауап бердi: Валидовтан келген хатты Сәрсеновтiң бөлмесiнде оқыған Бөкейханов, ал Байтұрсынов онда мүлдем жоқ болатын. Жасырын ұйым ашу туралы әңгiме қозғалмады. Валидовқа мұны (Байтұрсыновты) жiберудi ұйғарды, ал Әділев болса – мұнымен бiрге баруға өз бетiнше тiлек бiлдiрдi, өйткенi ол (Әділев) Валидовтің көмегi арқылы шет елге өтiп кетудi көздедi. Оған да мандат берiлдi, бiрақ ешқандай да мөр басылған жоқ. Валидовқа қандай да бiр уәде беру туралы ұсыныс жасады.

Сонымен, тергеудегi жауаптан көрiнiп отырғандай бiр ғана оқиға туралы Әділев пен Болғанбаевтiң жауаптарына үлкен қайшылық бар, бұл Әділевтің берген барлық жауаптарының дұрыстығына күмән тудырады, сондықтан да бұлар қылмысты негiз бола алмайды».

Iстiң бет алысы ОГПУ тергеушiлерiне (әрине, Голощекинге де) ұнамады. «Қылмысты iске» «жаңа куәгерлер» тартып, оларға бөлек iс қағазын толтырды. «Қосымша қосылған» бұл адамдар кiм едi және Байтұрсыновтың соңынан шырақ алып түсiп, қалайда айыпкер, экстремист, контреволюционер етiп көрсетуге тырысулары қалай? Осы он төрттiң басын бiрiктiретiндей ортақ мүдделерi болды ма? Соны айғақтайтындай дәлелдi себеп (алиби) бар ма? Бар.

Ол – «Алашордаға» қатысты «он төрттiң» ортақ өмiрбаяны едi. ОГПУ-дiң де, Голощекиннiң де көздеген түпкi нысанасы және барынша әшекерелеуге тырысқан қылмысы сол тұс болатын. Өйткенi «ұлтшыл», «пантюркист», «контреволюционер» деген ұғымды саяси-идеологиялық сахнада «ойнату» үшiн әуелi оны «тiрiлту» қажет-тiн.

Шындап келгенде, тергеу орындары 1921 жылы конреволюциялық астыртын ұйымның құрылған — құрылмағанына ықылас қойып, бас ауыртып жатпады. Тек тағылатын айыптың неғұрлым көп болуына тырысты. Ал, шынтуайтына көшкенде, алашордашылардың өкiмет тарапынан алған кешiрiмiн бұлар «кешiргiсi» келмедi, жазықсыз құтылғандарын әдiлетсiз шешiм деп бағалап, қалайда сот арқылы үкiм шығаруға ұмтылды. Әрине, олар жазаның ең ауыр түрiне кесiлуге тиiстi сияқты көрiндi.

Ал, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрылу тарихын, мақсат-мүддесін білмей, «он төрттің ісін» де түсіну мүмкін емес.

[1]  Жоғарғы соттың бұл шешімінде ауыр үкім шығарылған 71 алаш қайраткерінің алғашқы легі ретінде тек 14 адам ғана ақталды. Өйткені орайы келіп тұрғанда А.Байтұрсынов бастатқан осы адамдарды қатарға қосып алуға ұмтылды. Қалғандарының мәселесі әр түрлі себептермен кейінге қалдырылды. Мақала – Сот шешімінің «Анықтамасына»  негізделіп, олардың не үшін жазықсыз жазаға ұшырағанын түсіндіру мақсатында жазылғандықтан да, кезінде «Он төрттің  ісі» деп шартты түрде атауға тура келді. Сондай-ақ, олар жөнінде деректер әлі белгісіз болғандықтан да, «Анықтамаға» сүйене отырып, оқырманға мағлұмат беру мақсат етіліп қойылды. Дер кезінде, «Анықтамаға» ілеспе ретінде жазылғандықтан да кейбір дәл анықталмаған болжамдар да білдірілген екен. Сондай-ақ, қалайда кір жұқтырмай ақтап алу мақсатында Жоғарғы сот мүшесі Қ.Кенжебаев «Қараноғайдың» қазасына, З.Валидимен байланысына, олардың тәргілеуге қарсы көзқарасына қатысты деректерді «Анықтамада» ашып көрсетпеді. Біз де сол тұрғыда пайымдап, ол шындықты барынша жоққа шығара баяндадық. Онсыз, әлі де кеңестік жазалау саясатынан бейхабар қауым «ақталудың» себептерін қабылдай қоймайтындай сыңай танытты. Алайда, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің бағдарламасын талдамақ түгілі, олардың аты баспасөз бетінде ашық  айтылмайтын тұста, марқұм А.Сәрсенбаев бас редакторы болған студенттердің «Өркен» газетінде басылған, алаш арыстарының ақталу тарихынан хабар беретін, «Ұраным – Алаш!…» атты үш томдық түрме әфсанасының негізін ұйытқан алғашқы жарияланымды сол күйінде өзгеріссіз қалдырғанды жөн көрдім. Әрине, сол кезде біліп тұрып – «білмегенсіген» тұстарға ішінара «қырнау» жүргізілді – Т.Ж.

[2] Жалпы алаш қайраткерлерінің үстінен қозғалған қылмысты істің көлемі ХІҮ том. Соның ішінде 41 адамға үкім шығарылған бірінші топтың ісі ҮІІ том. Ал 30 адамды қамтыған екінші топтың үстінен қозғалған іс ІІІ том. ҮІІІ-ХІІ томдарда «тыңшылар» мен «салпаңқұлақтардың», «үндеместердің» көрсетінділері сақталғандықтан да, жабық құжат болып табылады. Сондықтан да Жоғарғы сот біздің назарымызға бірінші жолғы танысуда  жоғарыдағы 14 адамның ісі қамтылған алғашқы ІІІ том ғана берілді – Т.Ж.

[3] Дұрысы – Ахмет-Сафа – Т.Ж.

[4] Бұл сурет — 1921 жылы М.Дулатовты Ташкенттен Семейге шығарып салған күнгі қоштасу рәсімінде естелік ретінде түсірілген – Т.Ж.

Жалғасы бар…

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу