Тоқаев қандай президент?

Қазақстанның алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 30 жылға жақын биліктен өз ықтиярымен халыққа үндеу жасап кеткен соң, конституцияға сай Сенат төрағалығынан Қасым-Жомарт Тоқаевтің сайлауға дейінгі уақытша президенттік қызметті атқаруға 20 наурызда ант беріп кіріскеніне жарты ай уақыт өтті.

Ол президент ретінде осы уақыт аралығында не атқарды? Алғашқы болып Премьер-министр Асқар Мәминді қабылдап, Президент Әкімшілігінде жиналыс жасады. Алғашқы қабылдаған министрлері Қорғаныс және Ішкі істерге жауаптылар. Бұл Тоқаевтың күштік құрылымдарға аса маңыз беріп отырғанын аңғартса керек.

Ұлыстың ұлы күні  ізашары Назарбаевпен бірге Астана қаласында халықты наурыз мерекесімен құттықтап, ел арасынан көрінді. Сол күні Үкіметке бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметшілердің жалақысын көтеруді 1 шілдеден емес, 1 маусымнан бастау туралы тапсырма берді.

Алғашқы болып, Түркістан облысына, Шымкент қалсына 23 наурызда іссапар жасады. Сол күні Астана қаласының атауын Нұр–Сұлтан деп өзгерту жарлығын шығарды.

Екі апталық билігінде Президент Әкімшілігінің басшылығына Бақытжан Сағынтаевты, оның бірінші орынбасары қызметіне Дархан Кәлетаевты тағайындады, Мемлекеттік хатшы қызметіне Марат Тәжинді ауыстырды. Үкіметте Сыртқы істер министрінің орынбасарын тағайындаудан басқа өзгеріс жасамады.  Алайда, бірнеше министр мен облыс, қала әкімдерін қабылдады. Қабылдаулары ішінде назар аударарлығы Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің директоры Ғ.Байжановтың есебін тыңдауы. Сондай-ақ, құқықтық салада Қазақстан Президенті Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты, Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановты, Бас прокурор Ғизат Нұрдәлуетовті де қабылдады.

Президент ретімен алғашқыға АҚШ елшісін, Қытай елшісін, Ресей елшісін қабылдады. АҚШ елшісінен сенім грамотасын алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің алғашқы телефон байланысы Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен болды, ары қарай ретімен Әзербайжан, Тәжікстан, Армения президенттерімен, Грузия премьерімен, Түркия президентімен, Сауд Арабиясының Королімен телефонда сөйлесті.

Халықпен байланысын ашық ұстайтынын білдіріп, шенеуніктерге әлеуметтік желілерде халықпен диалог орнатуға тапсырма берді. Айқын және Егемен Қазақстан газеттеріне жазбаша сұхбаты шықты. Түркістанға сапарында жариялаған үш ұстанымында әділетті қоғам мен заң үстемдігі туралы айтып, демократиялық көріністер берді.

3 сәуір күні шетелге алғашқы сапарын Ресей Федерациясына жасады. Екі күндік ресми кездесуде дипломатиялық қатынасты бекіте түсуге келісімдер жасады.

Russian President Vladimir Putin, right, gestures to Kazakhstan’s interim President Kassym-Jomart Tokayev, during their meeting in the Kremlin in Moscow, Russia, Wednesday, April 3, 2019. The trip to Moscow is Tokayev’s first foreign visit since taking office last month after the surprise resignation of Nursultan Nazarbayev, who had led the country since independence from the Soviet Union in 1991. (AP Photo/Alexander Zemlianichenko, Pool)

Ресей жағы сөз еткен Қазақстанда АЭС салу мәселесін жауапсыз қалдырды. Алдағы уақытта өтеді дейтін үлкен шаралардан белгілі болғаны 29 мамырда Нұр-Сұлтанда ЕАЭО мерейтойлық саммиті өтетіні. Оған Н.Назарбаев құрметті қонақ ретінде қатыспақ.

Өткен екі апта ішінде президент сайлауы қалай өтетіні туралы тіптен сөз болмады десек те болады. Қылаң берген кандидаттар да, белсеніп жатқан партия да жоқ. Әркім ойын сан-саққа жүгіртіп, өз көңіліндегі кандидатын президенттікте ұсынып әлек.

Сарапшылар президент екінші сапарын Батысқа жасайды деп болжап отыр. Алайда, сәуір айының өзінде Өзбекстаннан бастап Орта Азияны түгел аралай салуы да мүмкін. Неге десеңіз телефонды алдымен соларға соқты. Ай соңына қарай өзі дипломатиялық қызметті бастаған Қытайға ат шалдырып қайтар.

Президент те, Үкімет те жаңа. Сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі түсуі әбден мүмкін. Бір анығы, президентте бір жыл мерзім бар. Дипломат ретінде өзін әбден дәлелдеген Тоқаев позициясын қалай нығайтады, ол өзіне байланысты. Біз сөзді саясаттанушы Сейдахмет Құттықадамның 2011 жылғы пікірімен аяқтаймыз…

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу