Сағынтаев салмақты сөз айтып жүр. Үкімет үмітті ақтай ма?

Біз жоғарыда президенттің бір айлық қызметін сарапқа салып көрдік. Өткен айда үкімет не атқарды? Осы сауалдың да жауабын ізделік.

Қыркүйек басталғанда жұрт үкімет не атқарады деп емес, «қандай үкімет ауысып келеді?» деген сауалға көбірек жорамал айтты. Рас, ауылдың әйелдері бұл жолы түгел жаңылды. Сағынтаев кеткен жоқ. Керісінше серпіліп жұмыс істей бастады.

Қыркүйектің алғашқы жұмыс аптасын Сағынтаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен бастады. Өңірдегі бір қатар өндіріс орындарын аралады.

4 қыркүйек күні Үкіметтің жиынында денсаулық сақтау, цифрлы эфирлік телерадио хабарын тарату, спорт белсенділігі мәселелері қаралды.

7 қыркүйек күні Сағынтаев Goldman Sachs инвестициялық банкінің өкілдерімен кездесу өткізді. 1869 жылы негізі қаланған алпауыт қаржылық компанияның тауарлар нарықтарын зерттеу тобының басшысы, мұнай нарығы мәселелері бойынша әлемдегі жетекші сарапшылардың бірі Джеффри Карри бастаған өкілдермен негізінен «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасында қазақстандық компанияларды жекешелендіруге халықаралық инвесторларды тарту мәселесі қаралды.

9 қыркүйек күні Қазақстанның оныншы премьер-министрі Бақытжан Әбдірұлының Үкіметкбасы болғанына 2 жыл толды.

11 қыркүйек күні Сағынтаев салмақты жиын өткізіп, үкімет мүшелеріне кемшіліктерін қатты айтып, қамшылап алды. Бюджетті игеру турасында Мәдениет және Спорт министрі Мұхамедиұлы, Ішкі істер министрі Қасымов, Ақмола, Павлодар, Қызылорда, СҚО, БҚО облыстарының әкімдері біраз сөз естіді. Осы жиында үкімет басшысы президент межелеген 4 пайыздық өсімге қалайда қол жеткізу қажеттігін баса айтып, министрлерге ескерту жасады.

Сондай-ақ осы күні Сағынтаевтың төрағалығымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Бұған дейін ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбеков болатын. Комиссия міндеттемелерінің қорытындысы жыл соңындағы кезекті отырыста тыңдалады.

Сонымен қатар осы күні Бақытжан Сағынтаев «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді.

14 қыркүйек күні Сағынтаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Ондағы бірқатар өндіріс орындарын аралап, жергілікті жұртпен кездесті әрі өңірді дамыту мәселелерін талқылады.

18 қыркүйек күні Сағынтаев «Шеврон. Еуропа, Еуразия және Таяу Шығыс. Барлау және өндіру» президенті Джеффри Тодд Леви және «Шеврон» Еуразиялық бөлімшесінің жаңа директоры Дж. Балтцтың басшылығымен Chevron компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.

25 қыркүйекте осы айда өткен үшінші Үкімет отырысында Қалмұхамбет Қасымов Сағынтаевтан тағы сөз естіді. Оған қоса өңірлерден қосылған полиция шенділері де Сағынтаевтың сұрақтарына жауап бере алмай сасқалақтады. Алматыдан қосылған ІІД басшысы орынбасары Нұрлан Мәсімов «Ұял телефон ұрлығының 70 пайызы адамдар ұялы телефонын қалдырып кетеді» деп айды аспанынан бірақ шығарды. Сағынтаев күйіп кетіп, «шынжырға байлап қалтамызға салып жүрейік пе? Халықтың өзін кінәлайсыңдар ма?» деп кейіді.

Үкімет басшысы әкімдерге қоғамдық қауіпсіздік шараларын нығайтуға тапсырма берді. Осы отырыста Үкіметте өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы мақұлданды.

27 қыркүйекте Сағынтаев та ДСҰ бас директоры Роберту Азеведумен кездесті.

Бақытжан Әбдірұлы 28 қыркүйекте Алматыға келіп «Сауда-саттықты және инвестицияларды қолдау: Еуразиялық көзқарас» ДСҰ Форумына қатысты.

Үкіметтің шетелге сапары

21 қыркүйек күні Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Үндістан Республикасына барды. Сапар барысында қазақстандық мамандар Үндістанның цифрландыру жобаларымен танысып, Ұлттық информатика орталығына барды. Онда үнділік әріптестер ақпараттық қызметтер мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жаңа шешімдермен таныстырды.

2018 жылғы 25–26 қыркүйекте ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Пекинге (ҚХР) барды. А. Мамин Пекин қаласына жұмыс сапары барысында CITIC Group, China Xin Xing Group Co., YTO Group Corp., Jiangxi Copper Company, Jiaxin Investment Resources, China Energy Engineering, CSI Solar Power Group, China CAMC Engineering Co., Lovol Heavy Industry, China Energy Engineering Corporation, China General Nuclear Power Group және т. б. компаниялардың басшылығымен келіссөздер өткізді.

Үкіметтегі тағайындаулар

3 қыркүйек күні Әсет Ирғалиев ҚР ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды.

4 қыркүйекте Сергей Коновалов ҚР қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалды.

14 қыркүйекте Талғат Ешенқұлов Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

18 қыркүйекте Смайылов бір апта бос тұрған Қаржы министрі лауазымына иеленді.

Қыркүйектің 28-інде Жұлдыз Омарбекова ҚР қоғамдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу