Қыркүйектің қорытындысы. Президент сапары – Шолпан-Атадан Түркістанға дейін

Қыркүйек айы қызу саяси маусымның басталуы болды. Жұрт президенттен не күтті? Елбасы не атқарды. Tarlan.kz сараптап көрді.

Түркістанмен басталып, Түркістанмен аяқталған президент сапары

Қыркүйектің басында президент Парламенттің қос палаталы жиынында дәйекті әлеуметтік-экономикалық дамуымыз үшін «Бес әлеуметтік бастаманы бір пысықтап, жеті түрлі маңызды мәселені жаңғыртқан» болатын.

Онда Елбасы облыс орталығы Түркістанның жұмысын тиімді ұйымдастыруды айтқан. Айдың қорытындысын да Түркістанға сапарымен аяқтады. Облыс халқымен жүздесуінде Мемлекет басшысы қабылданған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде қала келбеті тез арада айтарлықтай өзгеретініне, шаһар өзінің өркендеу жолындағы жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірді.

VI шақырылымдағы Парламенттің төртінші сессияның ашылуында сөйлеген Елбасының алғашқы тоқталғаны – өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту. Табыстарынан ешқандай аударым жасамайтын және соған сәйкес зейнетақы жүйесі мен әлеуметтік қолдау шараларымен толыққанды қамтылмаған халықтың бір байланысты қажетті заңнамалық өзгерістерді жылдың соңына дейін қабылдау қажеттігін айтты президент.

Өзін өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеуді оңайлату үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізу ұсынылып отыр. Оны төлеу арқылы өзін өзі жұмыспен қамтамасыз еткендер медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйелеріне, сондай-ақ зейнетақымен қамтамасыз ету ісіне қатыса алады.

Президент ел ішінде

Парламенттің отырысынан шыға сала Елбасы Астана қаласындағы №85 мектеп-лицейге барып, барша мұғалім мен ата-аналарды, оқушыларды білім күніме құттықтады. Биыл 350 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды.

4 қыркүйек күні президент Алматыға келіп, мега-полистың тыныс-тіршілігімен танысты. Араға жыл салып Алматыға келген Назарбаев Алматы қаласының индустриялық аймағын аралап көрді. «Falcon Eurobus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Алматы Бас жоспары» ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды.

Қыркүйектің алтысы Елбасы өзінің еңбек жолын бастаған жері Қарағанды облысына барды. Мемлекет басшысы «Maker» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қарағанды құю-машина жасау зауытына, «Қарағанды фармацевтика кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды әрі  Қарағанды қаласының жаңа орталығындағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Елбасы Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңесте «АрселлрМиталл Теміртау» компаниясына көңілі толмайтынын айтып, Лакшим Митталға сәлемін айтты.

7 қыркүйекте түлеп ұшқан қаласы Теміртауға барған президент халықтың әл-ауқатымен танысып, Теміртау қаласының мәдениет және демалыс саябағын аралады, металлургия комбинатында бірге жұмыс істеген бұрынғы әріптестерімен, көне көз таныстарымен жүздесіп ән салды.

 

View this post on Instagram

A post shared by AkordaPress (@akordapress) on

10 қыркүйек күні Елбасы Президент Әкімшілі басшылығына Әсет Исекешевті тағайындады. Бұған дейін аталған қызметті атқарған Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков зейнеткерлік жасқа толуына байланысты қызметтен кетіп, өзі құрған, 1988-1995 жылдары басқарған «Цесна» көпсалалы корпорациясына, қазіргі «Цесна» корпорациясы» директорлар кеңесінің төрағасы болып, саясаттан бір жола кетті.

11 қыркүйекте Елбасы Президент Әкімшілігі басшылық құрамымен кездесуінде Президент Әкімшілігінің басшысы лауазымында және басқа да мемлекеттік қызметтерде атқарған жұмысы үшін Жақсыбековке алғыс айтты. Әрі Әсет Исекешевке сенім артып, міндеттер жүктеді.

Осы күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов Астана қаласының әкімі қызметіне тағайындалды.

Сондай-ақ президент Түркістан қаласын дамытуға қатысты жиын өткізді.

18 қыркүйекте бір аптадан бері бос тұрған Қаржы министрі лауазымына Президенттің көмекшісі қызметін атқарған Әлихан Смайылов тағайындалды.

19 қыркүйек  Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Ерсайынұлы Шайхутдинов Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы міндетін уақытша атқарудан босатылып,   Ғ.Ж. Байжанов Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалды.

Осы күні Елбасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованы қабылдады.

21 қыркүйекте Тимур Мекешұлы Жақсылықов Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып келді.

Президент бұл жұмада Қазақстандағы ірі ұлттық компаниялардың бірі саналатын «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірмановты қабылдады.

26 қыркүйекте президент Нұрсұлтан Назарбаев тағайындалғанына бір апта болған Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғабит Байжановты қабылдады.

27 қыркүйек күні президент құзырында Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберту Азеведу болып, 2020 жылы Астанада өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымының ХІІ Министрлер конференциясына дайындық барысын талқылады.

29 қыркүйек президент Тәжікстаннан Түркістанға оралды. Ол алдымен Шымкент қаласының бірқатар өндіріс орындарын аралап, Республикалық маңызы бар қала ретінде дамыту мәселесін талқылады. Түркістанда «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне арнайы барған Елбасы Түркістан қаласының жаңа әкімшілік орталығын дамыту жобасымен танысты. Облысты дамыту жөніндегі кеңесте «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы жарлықтарға жария түрде қол қойды.

Президенттің шетелге сапарлары

2 қыркүйек күні Назарбаев Қырғызстанға барып, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті. Бауырлас Қырғыз елін тәуелсіздік күнімен құттықтады.  Әріптесімен бірге кешке ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсіміне қатысты.

3 қыркүйек күні Шолпан-Атаға Түркі елдері басшылары жиналып, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі VI саммитін өткізді. Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Əзербайжан Президенті Ильхам Əлиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков жəне бақылаушы мəртебесіне ие Өзбекстан Президенті Шафкат Мирзиёев пен арнайы мейман Венгрия Пре мьер министрі Виктор Орбан қатысқан саммитте Өзбекстан ресми түрде Кеңеске қосылды.

13 қыркүйек күні Елбасы Қазақстан-Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 3-інші отырысына қатысуға Анкараға барды. Президент отырыс алдында Түркия Республикасының іскер топтар өкілдерімен, «Коч Холдинг» компаниясы басқармасының төрағасы Али Йылдырым Кочпен, «Йылдырым групп» компаниясы басқармасының төрағасы Роберт Юксел Йылдырыммен және «Ояк Холдинг» компаниясының бас атқарушы директоры Сүлеймен Эрдеммен жекелей кездесулер өткізді. Осыдан кейін Назарбаевты Ердоған ерекше салтантпен Бештепедегі резиденциясында қабылдады. Осыдан кейін екі елдің өкілдері жоғары деңгейде ынтымақтастық кеңес өткізді. Ресми сапарының қорытындысы бойынша өткен брифингте Елбасы: «Тауар айналымының көлемі өткен жылы шамамен 2 миллиард доллар болды. Бұл көрсеткішті болашақта 5 миллиард долларға жеткіземіз», — деді.

27 қыркүйек кешке Елбасы Мемлекет басшысы биылғы 28 қыркүйекте өтетін ТМД елдері басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Душанбе қаласына барды. Эмомали Рахмон салтантпен қарсы алды.

28 қыркүйекте өткен ТМД елдері басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша 15 түрлі  шешімдер мен құжаттар қабылданды. Оның ішінде 2021 жылды Сәулет және қала құрылысы жылы деп жариялау, ортақ террорға қарсылық, Айтыматовтың 90 жылдығын мерекелеулер бар.

Осы кеңес аясында Елбасы Армения премьер-министрі қызметіне келгеніне 6 ай болған Никол Пашинянмен кездесіп, екі жақты ықпалдастықты талқылады.

Президент Сыртқы барлауға баса мән берді

Өткен бейсенбіде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің басшылық құрамымен кездесті.

19 қыркүйек күні Мемлекет басшысының Өкімімен Жанат Қуандықұлы Шаймерденов Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары болып тағайындалды. Осы күні «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары Исатай Бақтиярұлы Сартаевқа Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директоры міндетін уақытша атқару жүктелген. Күзембек Станбайұлы Әденов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары қызметінен босатылды. 8 күннен кейін Исатай Бақтиярұлы Сартаев Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің директоры болып тағайындалды. Әрі Нұрлан Оразұлы Оразов орынбасарлықтан босатылып, «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Құрылғанына 9 жыл болған барлау қызметіне аса мән берілді.

 

Нұрғали Нұртай

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу