Қазақстандығы коммунистік партияға заңмен тыйым салынсын!

«Tarlan Intellectual Club» мүшелерінің мәлімдемесі

Осыдан 4 жыл бұрын Украинада Қазақ мемлекетіне үлгі боларлық тарихи оқиға орын алды. Украина Жоғарғы радасы коммунистік және нацистік тоталитарлы режимдердің символикаларын қолдануға тыйым салды. «Украинада Коммунистік және ұлтшыл-социалистік (нацистік) тоталитарлы режимдерді айыптау және олардың символикаларын насихаттауға тыйым салу» туралы заң жобасына 254 халықтық депутаты бір ауыздан дауыс берді. Парламент қабылдаған коммунистік символдарға тыйым салу туралы заңға сәйкес, жергілікті билік кеңестік көшбасшылардың барлық ескерткіштерді жоюға міндетті, сонымен қатар, жергілікті билік кеңестік атаулары бар аймақтар, аудан, қала, ауыл, көшелер мен басқа да топонимдердің атауларын өзгертуге міндетті. Сонымен қатар, Жоғарғы рада «1917-1991 жылдары коммунистік тоталитарлы режимнің регрессивті органдарының мұрағаттарын ашу туралы» заңды қабылдады. Ресейдің Сыртқы істер министрлігі әдеттегідей бұған өзінің қарсылығын білдірген болатын.

Украинада Ленинді мақтап, Сталинді мадақтауға болмайды. КСРО мен УССР әнұранын айтуға, оның рәміздерін насихаттауға болмайды. Бұл ұлтшыл-социализм яғни нацизмге де қатысты дүние. Заңмен тыйым салынған осы нәрселерді ашық қолданатын адамға 5 немесе 10 жылға бас бостандығынан айрылу мүмкін. Заң бойынша, Украинаны 1917 жылдан 1990 жылға дейін басқарған коммунистік үкімет қылмыскер және мемлекеттік террор саясатын жүргізді деп танылады.

Ал бізде болса, ұлттық тәуелсіздігіміздің бесігі болып саналатын – Алматыда, оның қақ ортасында орналасқан Абай атындағы опера және балет театрында коммунистік партияның жастар қанаты – комсомолдың 100 жылдығы тойлатып, коммунисттік насихатын думандатты. Оның негізгі ұйымдастырушылары Қазақстан коммунистік халық партиясы көрінеді, олар «ғылыми коммунизм» идеясын жалғастыру ісінде үлкен қадам жасап жатыр екен. Кезінде Президент Назарбаев былай деген еді: «Социализмді дәріптеп жүрген қайсыбір зиялы қауым өкілдерінің тарихты есте сақтай алмайтын ұмытшақтығы қайран қалдырады. Бұл — саяси аңғалдық, иә, саяси арсыздық. Қазақ халқының тарихындағы ең қайғылы кезенді қалайша тез ұмытуға болады? ХХ ғасырдағы тоталитарлық жүйеден көрген ауыр соққыны қазақ халқы XVIII ғасырдағы Ақтабан шұбырынды кезінде де көрген жоқ».

«Біздің партияның қызметі ғылыми социализм идеяларына, марксистік-лениндік ілім мен қоғамдық ойға негізделген» дейді біздің большевиксымақтар. Олардың пікірінше марксизм-ленинизм – тарих, философия т.б. гуманитарлы ғылым сияқты ғылым екен. Осыған орай, Сорбонна университетінің профессоры, Француаза Томманың осы бір сөзін келтіру орынды болмақ: «Нацизм — жалған биология негізінде құрылды, ал коммунизм – жалған әлеуметтану негізінде құрылды. Бірақ екі жүйе де, өздерінің ғылыми негізділігін табанды түрде дәлелдеуге тырысқан».

Лениндік ілімді насихаттап жүрген коммунистер халыққа КСРО-дағы концлагерлерді салу идеясы Ленинге тиесілі екенің айтпайды әрине. Ленинің іліміне адал коммунистер оның екі жүзділігіне де адал ғой: 1917 жылы 20 қарашада Ленин басқаратын Кеңес өкіметі «Россияның және Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» екінші үндеуін жариялады. Оған Ленин мен Сталин қол қойды. Үндеуде: «Бұдан былай сіздердің нанымдарыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз ерікті және қол сұғылмайтын болып жарияланады. Өздеріңіздің ұлттық өмірлеріңізді еркін және бөгетсіз құра беріңіздер. Сіздердің бұған праволарыңыз бар» делінген болатын. Алайда Ұлттық негіздегі емес, тек қана таптық негіздегі мемлекет құруды қолдайтын коммунисттік диктатура негізінде, өз қолын қойған құжатты Ленин «бір жапырақ қағаз ғана» деп өз жазғанынан бас тартқан болатын.

Лениншіл жастар Ленинді террористік актілерді ұйымдастырушы екенің де айтпайды ғой жұртқа. Осыған байланысты президент Н. Назарбаев былай мәлімдеген еді: «Енді бүгін сол саяси жүйені ақтағысы келгендер – қайтадан большевик болғысы келетіндер ең алдымен, өз елінің қасіретін еске алып, туған халқын жер бетінен құртып жібере жаздаған жүйені ақтау ең алдымен өзі үшін қаншалықты қорлық екенің ойлансын дер едім. Басқа ешбір қоғамдық құрылыста мемлекеттік мәшине біздің халқымызды дәл осынша қатыгездікпен миллиондап құрта алмас еді. Біз бүгінгі мемлекеттік деңгейде ойлай алатын азаматтар жетпей жатыр деп, ұлттың таңдаулы топтары әлі де тым шағын деп шағым айтамыз. Қайдан болады оның бәрі – социализм тұсында ұлттың асылын құрту дәстүрі қазақтың зиялы қауымын неше дүркін темір табанына салып таптап өткен жоқ па? Бар шындық өткен режимнің ұлттық емес, қайта нақ әлеуметтік-тоталитарлық табиғатында болғанында жатыр».

2012 жылы Ресей тарих институтының басты ғылыми қызметкері Владимир Лавров Ресейдің тергеу комитетінен Владимир Лениннің жұмыстарына экстремизмді анықтау үшін экспертиза жүргізуді сұраған болатын. Тарихшының пікірінше, Ресейдің өркениетті дамуы, биліктің түбегейлі түрде коммунисттік идеология мен символдардан бас тартуымен байланысты.

Марксистік ілімді насихаттап жүрген, Маркстің сөздерін электоратқа насихаттап жүрген жас лениншілдер оның мына сөздерін айтпағанына сенімдімін, Джордж Ватсон, Кембридж университетінің профессоры: «Тек социалисттер ғана XIX бен XX ғасыр аралығында геноцидті қажеттілік деп ашық ақтаған. 1849 жылы «Neue Reinische Zeitung» журналында жарияланған мақаласында Карл Маркс кейбір ұлттарды «нәсілдік қоқыс» деп атап, оларды жойып жіберу керек деген болатын. Оларды революцияға құрбан ретінде шалу қажет деп жазған. Саяси геноцид идеясы — Карл Маркс пен Фридрих Энгелсет бастау алады».

1939 жылы Мұстафа Шоқай марксизмді нацизммен қатар қойған еді: «Сталин мен Гитлер – екеуі де жауыз. … Бірі – нацист болса, екіншісі – марксист». Жалпы фашизммен коммунизмді қатар қоятын ғалымдар олардың айырмашылығы былай түсіндіреді: біреуі ұлттық-социализм деп аталса, екіншісі интернационалды-социализм деп аталды, екі идеология арасында принциптік айырмашылық болмады.

Президент Н. Назарбаев та коммунизмнің қылмыстық идеология екенің Комбоджада коммунизмді орнатпақ болған Пол Потты тілге тиек етіп айтқан болатын: «Қиын да күрделі ХХ ғасырдағы ең үлкен ұлттық апат деп қазақ пен Капучия халықтарының трагедиясын айтуға болады. Басқа ешбір халық дәл мұндай адам санының осынша пайызынан айрылып көрген жоқ. Егер Пол Поттың қанды режимінен Кампучия тұрғындарының үштен бірі қырылғанда дүние жүзінің төбе шашы тік тұрса, Голощекиннің “Кіші октябры” тұсында әр үш қазақтың біреуі аштық пен айдаудың құрбаны болды».

Президент Назарбаев 1996 жылы компартияның қылмысы туралы нақты ұстанымын айтқан болатын: «Сіздердің бәріңіз өлім өкімін шығару құқығы берілген “ерекше үштіктер” деп аталғандардың қызметі туралы жарияланған қасіретті құжаттарды оқыған боларсыздар. Мұның өзі қуғын-сүргінге түсірілгендерді азапқа салу жөніндегі өзіндік бір жарыс іспетті болатын. Мысалы, Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің өзі бірінші категория бойынша қуғандалатын адамдардың санын 600 адамға (сотсыз және өкімге шағым жасау құқығынсыз ату) және екінші категория бойынша (концлагерь) – 1000 адамға көбейтуді сұраған. Мұның өзі бір айдың ішінде ғана! Ал тарихта саяси партияның аймақтық бөлімшесі өзінің штабынан бекітіліп, берілген адамдардың мөлшерінен 600 адамды артық өлтіруге рұқсат сұрағанын қашан және кім көрген. Міне, осындай лимитті бұл жүйе белгілеп беріп келген».

Президент мырза дұрыс айтады «Саяси партияның аймақтық бөлімшесі өзінің штабынан бекітіліп берілген адамдардың мөлшерінен 600 адамды артық өлтіруге рұқсат сұрағанын қашан және кім көрген», ондай болса құқықтық мемлекетімізде ондай партияның тарихи-саяси мұрагері ретінде жұмыс жасап жатқан ҚХКП-ға неге тиым салмасқа? Компартияға Украинада Чехия, Польша, Латвия, Литва және Эстонияда заң жүзінде тыйым салынды ғой, біздің қай жеріміз кем? Адамзатқа қарсы, қылмыстық, отаршыл коммунизмге тыйым салу Ұлттық мемлекет ретінде тарих алдындағы моральдық парызымызды орындар едік!

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ Республикасының президенті ретінде Алаш көсемдерінің мына қаулысын білетін болар: Алаш Орда Республикасын президенті һәм премьер-министрі, Әлихан Бөкейхан және оның ағзалары Мұхаметжан Тынышпаев пен Халел Ғаббасов қолдарын қойған, 1918 жылдың 11 маусымындағы «Бек тығыз» грифіндегі қаулысының 7 пункттісінде: «Қазақтан шыққан большевиктерді аямаңдар». Мемлекетіміздегі коммунистік партияға және коммунистік идеяларды насихаттап жүрген ұйымдар мен қозғалыстарға тиым салынсын!

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу