Президент әкімшілігін 2 рет басқарған Әділбек Жақсыбеков саясаттан біржола кетті ме?

Бүгін Президент әкімшілігі жетекшісі болып Астана қаласының экс-әкімі Әсет Исекешев тағайындалды.

Былтыр туған күніне бір апта қалғанда Елбасы Әділбек Жақсыбековтің өкілеттілігін 5 жылға ұзартқан.

Астананың алғашқы әкімі әрі Әсет Исекешев келгенге дейін де екінші рет бас қалаға әкім болған Жақсыбековтің орнын босатуын Ақорда зейнет жасымен байланыстырды.

«Мемлекет басшысының Жарлықтарымен: Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметінен; Бағдат Құлтайұлы Әміреев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды», — делінген ақпаратта.

Әзірге Астана қаласының жаңа әкімі әлі тағайындалмады.

Иранға да кімнің елші болып кететіні айтылмады.

Иран елі Қазақстан үшін Қытай, Ресей, АҚШ сияқты басты стратегиялық әріптестердің бірі. Каспий теңізі арқылы шекараласатынымыз тағы бар. Елші болып салмақты біреу тағайындалатыны анық.

Былтыр елде жоғары шенді қызмет атқарғандардан Әбіқаев пен Мусин зейнет жасына байланысты қызметтен кеткен. Екеуі де нақты қызметке тағайындалмады. Әбіқаев тек Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанындағы «Отандастар» қорын басқарды.

Жақсыбеков 8 ай бұрын Қазақстан футбол федерациясының президенті болып екінші рет сайланған. Бұл қызмет шетелде айтарлықтай беделі бар орын. Жақсыбеков Қазақстан футбол федерациясын бұған дейін 2007-2014 жылдары басқарған.

Жақсыбеков сондай-ақ Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның да төрағасы.

Әділбек Жақсыбековтің ұлы Дәурен болса «Корпорация Цесна» АҚ-ның 36,75 пайыз акциясын иеленген, Форбстың елулігінде бар тәп-тәуір дәулетті жігіт.

Сонымен Әділбек Жақсыбеков енді қандай қызметке баруы мүмкін?

Бұған дейінгі ең өтімді болжам Жақсыбековтің Қауіпсіздік кеңесіне хатшы болуы. Ол кресло әлі бос. 8 тамыз күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының бірінші орынбасары Марат Ерсайынұлы Шайхутдиновқа Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы міндетін уақытша атқару жүктелген.

Демек, Жақсыбековтің Қауіпсіздік кеңесіне хатшы боп келуі әбден мүмкін. Бір шетінен Жақсыбеков Елбасының жанында ширек ғасыр бірге жүрген сенімді серігі.

Иранның елшілігі де зейнеттегі кісіні шаршата қоймайтын жер.

Қайтадан Астанаға әкім болуы да бек мүмкін.

Ұлының бизнесіне көмектесіп, үйде тыныш қана немерелерін ойнататын шығар.

Сіз не дейсіз?

 

Нұрғали Нұртай

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу