Назарбаев: Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессінші (Видео)

Қоғамда тіл мәселесі оқтын-оқтын көтеріліп тұрады. Ықпалды тұлғалардың тілге жанашырлық білдіруі анда-санда қоғамды серпілтіп тастайтыны рас.

Қазақстанның зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік тілдің мәртебесін анықтайтын Конституцияның 7-бабынан 2-тармағын алып тастауды бұған дейін талай мәрте ұсынған.

Себебі  Тілдер туралы алғашқы заң қабылдаған 1989 жылы  Қазақстан Кеңес Одағы құрамынан әлі шықпаған кезі, «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» еді.Заңның аты да «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы» Заңы делінген… Әрі осы  заңдағы «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып табылады»  деген бапты қабылдау кезінде  халықтың  пайыздық салмағы қатарлас еді.  Яғни қазақтар 1989 жылы 39,7 пайыз, орыстар 37,8 пайыз болатын.   Сондықтан ол кезде бұл заңдылық болып қабылданды. Кейін 1995 жылы Конституция қабылдарда  Қазақстан Республикасы осы «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы» Заңына сүйеніп, осы кеңестік кезең талаптары шеңберінен  шыға алмай,  «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады»– деген 7-баптың 2-тармағын  қабылдап, орыс тілін тіпті, шектен тыс күшейтіп жіберді деуге болады. Кейін де, 1997 жылғы  «ҚР Тіл туралы заңымыз» да осы ескі сүрлеумен, Кеңес империясы  кезіндегі талаппен кетті.

Елбасымыздың өзі де әр жылдарды Жолдауында «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді.»-деп мәлімдеп келеді.  Конституцияның 7-бабында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп бадырайып жазылып тұрса да, екінші тармағындағы «орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деген сөз – «ресми тіл» дегенді білдірмейтінін және орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын Конституциялық Кеңес дәлелдеп берсе де, сол бір 7-баптың екінші тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатыр.

Жоғарыдағы видеода 20 жыл бұрын президент Назарбаевтің зиялы қауым өкілдерімен кездесуі. Онда президент халық санындағы қазақтардың үлесін айрықша айта кетеді.

«Қазақстан Республикасында 1989 жылғы халық санағында 16199,2 мың адам тіркелді. 1999 жылғы санаққа дейінгі аралықта Қазақстан халқы 1246,1 мың адамға кеміген. Мұның басты себебі бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан жеріне көшіріліп, қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, орыстардың, украиндардың, немістердің, кавказ халықтарының, т.б. өз ата мекендеріне көшіп кетуі болды.

1989 жылмен салыстырғанда 1999 жылы   ұлттық құрамда да айтарлықтай өзгеріс болды. Мысалы, қазақ ұлты 1468,1 мың адамға (22,9%) көбейіп, республика халқының жартысынан астамын (53,4%-ын) құрады. Оның есесіне орыс ұлты өкілдерінің саны 1582,4 мың адамға (26,1%-ға) кеміді» дейді ашық мәліметтер.

Яғни,  1989 жылдан 1999 жылғы дейін он жылда халық санағында қазақтар 22,9 пайызға көбейіп, 53,4 пайыз болса, орыстар 26,1 пайызға кеміген.  Ал  2009 жылы қазақтар ресми дерек бойынша 63,1 пайызға жетті.

Сонымен қоса, қазақстандық орыс диаспорасы өкілдерінің 25,3 пайызы қазақ тілін түсінеді, 8,8 пайызы оқи алады, 6,3 пайызы жазады. Еліміздегі диаспоралардың өкілдері әлі де өздерінің, не ұрпақтарының тарихи отандарына қоныс аударғанын қалайды. Мәселен, «Сіз, өз балаларыңыздың болашағын қазақ елімен байланыстырасыз ба?» — деген сауалға, қазақтардың 96,9 пайызы, орыстардың 53,5 пайызы, басқа диаспора өкілдерінің 78,5 пайызы -«иә» деп жауап берген. Ертең елімізде қазақтар 75-80 пайызды құрағанда іс қағаздарын Ресей тілінде қалып жатса, ұлттық наразылық  туатыны айқын.

2013 жылы өткізілген халық санағының қорытындысы бойынша халықтың этноқұрамы келесідей: қазақтар – 65,2%,  орыстар – 21,8.

2016 жылғы 1 мамырдағы статистикалық деректер бойынша. елімізде 17 753 200 адам бар екен. Халқының саны жағынан еліміз әлемде 63-орында. Еліміздегі мемлекет құраушы ұлт – Қазақтар 67 пайыз болса, қалғандары: орыстар 3,5 млн (20%), украиндар 290 мың (1,64%), өзбектер 550 мың (3,11%), ұйғырлар 256 мың (1,45%), татарлар 202 мың (1,15%), немістер 181 мың (1%). Сондықтан, Қазақстандағы қазақтардан басқаны «ұлт» деп атаудың ғылыми негізі жоқ. Өйткені, ұлт болу үшін сол аймақта сол ұлттың өз жері, өз шекарасы болу керек. Ал, біз тіпті саны бір пайызға да жетпейтін диаспора өкілдерін ұлт деп атауға құштарланамыз. Бұл жалпақ шешейлік саясаттан туындаған уақытша құбылыс деп ойлаймын.

Дүние жүзінде жергілікті ұлт барша халқының 2/3 бөлігінен асса ол моноұлтты мемлекет деп саналатын халықаралық практика қалыптасқан. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан (қазақтар — 67%) қазір моноұлтты мемлекет!

Келесі жылы халық санағы келе жатыр. Әр  онжылдық санақта еліміздегі халық санына шаққанда, кемінде 10 пайызға өсіп отырғанымызды ескерсек, (1989 жылы мен 1999 жылы арасындағы он жылда   қазақтар 13,7 пайызға өсті)  қазақтың бүгінгі саны шамамен 80 пайыздай болуы мүмкін. Себебі, атамекенге көшіп келуші қандастарымыз да мол, керісінше тарихи отандарына көшіп кетуші орыс  ұлты өкілдері де көп.

Айта кетейік, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сай 2020 жылы мемлекеттік мекемелер іс жүргізу тілін толықтай қазақ тіліне ауыстыруы жоспарланған.

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу