Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Қазақстан» телерадио корпорациясын» екі жыл басқарған Ерлан Қаринды өзіне кеңесшілік қызметке тағайындады. Осы тағайындау жөнінде саясаттанушы Айдос Сарымнан аталған тағайындауға байланысты эксклюзивті пікір алған едік.
***
Қазақстанда Ішкі саясат саласын, оның талдау жұмыстарын шынын айтқанда Ерлан Тынымбайұлындай білетін адам көп емес. Оның үстіне «Қазақстан» Телерадио корпорациясын басқарған кезде біраз мықты жобаларға, бастамаларға тек қана өзінің кәсіби қызметінің шеңберімен шектеліп қалмай, оның сыртында да үлкен жұмыстарды атқарғанын жақсы білеміз. Интернет саласында болсын, саясаттану саласында жүрген адамдардың басым көпшілігі білетіндей Сирияда жүрген біздің жетім-жесірлердің мәселесіне де араласып, шын мәніндегі ұлттық бағыттағы мықты бастамаларды жүзеге асырған азамат.
Сондықтан жаңа заманға, жағдайға лайық, әсіресе қоғам мен биліктің динамикасы өзгеріп жатқан кезде ұлттық бағытқа көшіп, қазақтың шын мәніндегі ұлттық көпшілікке айналған, оның жаңа сапасын қамтамасыз ету кезінде «Рухани жаңғыру» сияқты бағдарламаларды жалғастырып кететін, оған жаңа бағыт беретін, қоғамның жаңа геосаяси, басқа да тұстарын жіліктеп, сомдай білетін азаматтардың тұғырға қонуы көңілге қонымды, жақсы жаңалық деп есептеймін!
Көптен бері айтып жүрген әңгімеміз бар ғой, алдағы он жылымыз постсоветтік кезеңдегі басып өткен отыз жылымыздан да ауыр болады. Оның себебі де көп, неге десеңіз Қазақстан бүгін мүлдем жаңа тың форматқа, экономикасын да, қоғамын да лайықтай білуі керек. Халықаралық сарапшылардың, институттардың айтқанын көріп отырмыз. Қазақстан өзінің экономикасын шикізаттан тыс экономикаға аударуға ары кеткенде он жылы бар деген болжам бар. Бұл бұрын жасалмаған 1990 жылдардағыдай көптеген жаңа реформаларды, жаңа бетбұрысты қажет етеді. Әрине бұның бәріне шынайы тұрғыдан зерттеу жасау, ұғып-біліп отыру, өз позициясын қорғай білу, оны жоғары жаққа жеткізе білу деген сияқты дүниелерді қажет ететіні айдан анық. Осындай жұмыстарды өзіндік ойы бар, қай тұрғыдан болса профессионал Ерлан Қарин бір адамдай атқара біледі.