Ататүріктің азаттық жолы һәм қазақ елінің президенттері

Ататүріктің азаттық жолы һәм қазақ елінің президенттері
Ⓒtarlan.kz

Осыдан 100 жыл бұрын ұлы түрік көсемі Мұстафа Кемал Ыстамбұлдағы сұлтанаттан тәуелсіз түрде отарлануға қарсы өзінің ұлттық қозғалысын бастады. 1919 жылы 16 мамырда VI Мехмет атанған Вахдеттин сұлтанның әмірімен Ыстамбұлдан Қаратеңіз бойындағы Самсун қаласына жергілікті гректер мен түріктер арасындағы кикілжіңді шешуге тоғызыншы армияға инспекциялық қызметке жіберілген дивизия генералы дәл осы күні жаңа Түркияны құруға қадам басты.

Жергілікті қақтығысты «ұлттық қозғалыс» ұйымдастырып реттейтінін Ыстамбұлға мәлімдеп, патша үкіметін алдай тұрған Мұстафа Кемал түрік топырағын отарлаушыларға қарсы жалпыұлттық қарсылық қозғалысын аз уақытта ұйымдастыра білді. 22 маусымда Амасья қаласында Мұстафа Кемал «Ұлттың тәуелсіздігін ұлттың табандылығы мен шешімі құтқарады» дейтін әйгілі резолюциясын жариялап, сұлтанат билігінен дербестігін ресми мәлімдеді. 4 қыркүйекте Сивас конгресін шақырып, уақытша үкімет құрды. Сол ұлттық қозғалыс пен үкімет Түркияның төрт тарабын отарлаушылардан тазартып, бүгінгі тәуелсіз Түркия Республикасын құрды. Республика тарихы үшін аса маңызды 19 мамыр күнін, батыл қолбасшы, көреген көшбасшы Ататүрікті бүгін Мемлекеттік деңгейде халық аса үлкен ықыласпен еске алып, тойлап жатыр.

Ататүрік өз өсиеттерінде де туған күнін 19 мамыр етіп белгілеп кеткен. Бүгінгі күн Түркияда «Ататүрікті еске алу, жастар және спорт» мерекесі.

***

Осыдан екі ай бұрын Қазақстан билігін 29 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатып, ел дамуы мен тұрақтылығы үшін аса маңызды шешімін қабылдады. Елбасының тосын шешімін Қазақстан халқы ғана емес әлем жұртшылығы таңданыспен қабылдап, саяси өнегесіне алқау айтып жатты. Назарбаевтың қалған президенттік өкілетін конституцияға сай уақытша атқаруға келген Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде кезектен тыс сайлау жариялап, 9 маусымға белгіледі. 20 күн қалған сайлауға елдің барлық саяси күштері қызығушылық білдіріп, 7 үміткер тіркелді. Қазіргі уақытта белсенді сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.

16 мамырда Астана экономикалық форумына қатысқан Елбасы Назарбаев Euronews журналисі Штефан Гробенің алдағы президент сайлауы туралы сұрағына жауабында «Мен бір жайсыздық туғызып отырмын, сіздерге кейде: "алдымен Тұңғыш Президент, сосын барып Президент" деуге тура келіп отыр. Осындай жағдай бар. Мен Қазақстанда екіұдайылық болмайды деп ойлаймын. Бір ғана президент бар, басты адам сол болады. Оны сайлағаннан кейін бәріміз соған жұмыс істейтін боламыз», – деді.

Екі айдың ішінде Қазақстанда айтарлықтай саяси өзгерістер орын алды. Қасым-Жомарт Тоқаев елді түгелге жуық аралап, екі мемлекет Ресей және Өзбекстанға ресми іссапармен барып келді. Елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге үкіметке нақты тапсырмалар беріп, нәтижелерін де жиі бақылап, талап етіп отыр.

***

Түркия 1934 жылғы 24 қарашада қабылдаған Ататек туралы заңмен президент Мұстафа Кемалға "Түріктердің атасы" мағынасындағы "Ататүрік" тегін берген және Ататүрік есім ретінде де, ататек ретінде де басқа ешкімге берілмейді деп тыйым салған.

Осы жерде жұрт біле бермейтін бір дерек қыстыра кетейін, Ататүрік сол 1934-тен өмірінің соңына дейін өзінің жекекуәлігіндегі арабша есім, азан шақырылған аты Мұстафаны алдырып тастады. Ал, Математика мұғалімі Мұстафа бала кезінде өзімен аттас болғаны үшін берген арабша мағынасы, саңылақ, білгір, толық жетілген, кемел мәніндегі Кемал есімін ұлтшылдық мінезін көрсетіп, көне түрік тіліндегі, қазір біз қолданып жүрген Қамал сөзіне ауыстыртты. Яғни, халқының қорғаны, елінің қамалы мағынасында. Осы арқылы түріктерге өзіне оралуға, тарихымен, тамырымен табысуға жол нұсқады. Өмірден Қамал Ататүрік боп өтті.

Өмірден өтерінде Түркияның болашағын жастарға сеніп тапсырып кетті.

***

2019 жылы Қазақстанда «Жастар жылы» болып жарияланған.

Қасым-Жомарт Кемелұлының да ат-есімінде Кемел сөзі бар. 100 жыл бұрын 16 мамырда Мұстафа Кемал Түркияны азат ету үшін жалпы ұлттық қозғалыстың жолына шықса, бірнеше күн бұрын Елбасы Назарбаев «Халық сайлаған президентке бағынатынын» айтты.

1919 жылы 9 наурызда, 100 жыл бұрын 2 жылға жетер жетпес өмір сүрген Алаш Орда үкіметі таратылды. Алаш арыстары құрған мемлекет өмір сүргенде біз де мемлекеттің жүз жылдық жетістігін жырлап жатқан болар едік. Алайда, тәуелсіздікке қолымыз жеткен 1991 жылдан бері қарай да Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығында Қазақстан үлкен жетістіктерге жетті. Халықаралық мінберде өз орынын алып, іргелі мемлекет болып қалыптасты.

2019 жылы 19 наурызда 19:00-де Елбасы өз өкілетін тоқтату туралы халыққа үндеу жасады. Енді елімізге Елбасының саясатымен сабақтасқан стратегиялық бағыт пен өрлеу, дами түсу қажет. Ал ол сабақтастық пен өрлеу Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында бар. Әділдік туралы әу баста сайлау жарияланғанда уәде берген. Тұғырнамада жастар туралы көп айтылған.

***

Осының бәрінде бір тарихи байланыс бар сияқтанады... Мүмкін ол менің Ататүрікті саяси үлгі көретіндігімнен шығар. Әйтеуір, келесі президенттен мемлекетті озық деңгейге жетелейтін саяси кемел қадамдар күтемін.

Бір анығы, түрік халқы Ататүрік арасынан кеткелі 80 жыл өтсе де есімін ұмытпайды, еңбегімен мақтанады. Ал, қазақ елі басшыларын ертеңгі болашақ ұлт әкесі ретінде атай ма? Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы «Елбасы» мәртебесін алды. Ал, келесі президенттің халық жадында қалай қалатыны өзіне байланысты...

Нұрғали Нұртай