Ішкі саясат 2018. Жаңа жағдай

Екі жыл бұрын мемлекетіміздің бүкіл ақпараттық-идеологиялық жұмысы Инвестициялар және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті сияқты кішігірім мекеменің құзырында болды. Ол саланы премьер-министрдің орынбасары қадағалаған болатын.

Аталмыш тұлғаға әлеуметтік мәселелермен бірге идеология менен БАҚ саясаты саласы да өткен болатын. Кейін ақпарат және коммуникациялар министрлігі қайта құрылған кезде бұл комитет АКМ-нің қарамағына өтті, Сол күні, осыған қоса “идеологиялық бағытты күшейту” мақсатында жаңа  – Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды.

2017 жылдың басына дейін тұтастай екі министрліктің қолынан саяси жұмысты жүргізу толыққанды келмеді. Баспасөз бен саясаттанушылардың барлығы дерлік осы мәселені көтеріп, жоғарғы билікке сұрақты төтесінен қойғаны есімізде.

Өткен жылдың басынан бұл құрылмардың да беті бері қарап, ішкі саясаттағы ахуал да өзгергендей болды. Қысқаша айтсақ, либералды жылымықтың лебі сезіле бастады.

Жаңаөзен трагедиясы орын алған соң, президент Назарбаев: «Мен баяғыда келетін едім. Ойбай, барлығы дұрыс болып жатыр. Бармай-ақ қойыңыз, қазір шешіледі. …Барлығы да алдады» деп айтқаны бар.

Әлеуметтік мәселенің шешілмей, керісінше ушықтырылып оның саясилануы үлкен қайғыға әкеп соққанынан мемлекеттік аппарат орын алған жағдайдан бірден сабақ алмай, екінші үлкен дауға – “жер мәселесіне” орын берді. Тек осы афтершоктан кейін ішкі саясатта парадигманы өзгерту күн тәртібіне шықты..

Ақпараттық саясатта жүйелі өзгерістер басталды. Мемлекеттің ақпараттық саясаты жаңарды. Мемлекеттік БАҚ кез келген қоғамдық мәселені назардан тыс қалдырмайды. Қоғамдық пікірге құлақ түретін болды.

Мемлекет пен билік дағдарысы негізгі шешім қабылдайтын басты тұлғаның ақпарат көздерінен ажыратылып, оның жеткілікті түрде маңызды мәселелерден бейхабар болуынан туындап жатады. Біздің тарихымызда да оңдай кездер болды. Жоғарыда аталып өткен Жаңаөзен оқиғасы – соның бір дәлелі.

Бұл мәселеге жауапты – сол уақыттағы президент әкімшілігінің басшылығы екені күмәнсіз. Ақпараттық саясатты тек насихат құралы ғана ретінде қарастырылған кезең сол басшылықтың өткен жылдың басында құрықталған күнімен аяқталды. Соңғы жылы көптеген қордаланып келген проблемалардан мемлекет басшысының хабардар екеніне көзіміз жетті.

Бұл ретте ресми ақпарат құралдарының келесідей үйлестіру жүйесі бойынша іске асып жатқанының дәлелі: Мемлекеттік БАҚ – Президент Әкімшілігі – Үкімет – Өңірлер – Ресми БАҚ. Бұл үйлестіру жүйесі болашақта жоғарғы биліктің ақпараттан құр қалып, билік дағдарысы орнауынан сақтайды.

Билік қазақ қоғамын алаңдататын мәселелерді шешуге ұмтылатынын байқағанымызды да атап өтейік. Жақында ғана мәжілісте өткен жұмыспен қамтуға қатысты парламенттік тыңдау қазақ тілінде жүргізіліп, баяндамалардың көпшілігі мемлекеттік тілде жасалды. Жалпы Президент әкімшілігінің ішкі саяси блогы мүлде жаңа саяси жағдайды қалыптастырып, саяси процестегі күн тәртібін анықтауды өз қолына алды. Мұны мойындау керек.

 

Нұрғали Нұртай

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу