Халел Досмұхамедов. Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жайынан қысқаша баяндама

Қырғыз-қазақ білім комиссиясы, 1921 жылдың басында Түркістан халық — ағарту Комиссариатының жанында ашылған. Комиссияның мақсаты қазақ-қырғыз мектептері үшін оқу кітаптарын даярлау. Қазақ-қырғыздың халық әдебиетін жинау, білім әдебиетін көркейту. Сол секілді мәдениет жұмысын ұлғайту болды.

Түзелісімен комиссия, мектептер үшін оқу кітаптарын даярлауға кіpіcкeн Байтұрсыновтың, Дулатовтың оқу кітаптарын қайта бастыруға берген. Қазақ-қырғыз азаматтары жиылып, бірнеше рет мәжіліс жасап оқу кітаптарын жазамыз деп уәде берген. Жазушылардың тұрмысын түзетуге тірішілікпенен жеңілуге түрлі шарттар қойылып, қаулылар шығарылған. Бұл қаулылар орындалмаған. Жазамыз деген дерек жалғыз жарымы болмаса, көбінің уәдесі дерексіз кеткен. Жазылған кітап жарытып болмаған.

Диваевтан сатып алынған материалдар Жетісу, Сырдария облыстарындағы Қазақ-қырғыздар арасынан жиылған. Материалдар комиссияға алынған.

1921 жылдың күзінде Компростың бip бас мекемесі болып, білім кеңесі ашылды.

Қазақ-қырғыз білім комиссиясы, осы кенестің бір бөлімі болды. Комиссияның мүшелері қайта сайланды.

Білім кеңесі біраз уақытты шара жасап, жолын түзеуге жұмсады. Қазақ-қырғыз білім комиссиясында, сондай жұмыспен әуре болды.

Комиссияның жүрісі түзеліп, жолы ақталды. Қазақ-қырғызға керек мәдени білім жұмысын, қазақ-қырғыз білім комиссиясы қолдайтын болды.

Оқу-білім, көркем әдебиет, тарих этнография, саясат-үндеу, библиография деген бес бөлімге бөлініп комиссияның жұмысы ұлғаятын болды. Әр бөлімнің басында бір мүше тұратын болып, комиссия бес мүшеден түзелді. Комиссияның кеңес жұмысшылары анықталды. Мамандар (специалистер) шақыруға ерікті болып, қаражат берілетін болды. Білім комиссиясы білім жұрты болып аталған аймақтық Қазақ-қырғыз институтымен байланысты. Қазақ-қырғыз институтындағы мұғалімдер, білім комиссиясының білім жолындағы жұмысын істейтін болып міндеткер болды.

Осындай жобамен іске кірісе бастағанда, комиссияның төбесіне ескермеген бір нәрсе тап ете тусті. Бұл, жаңа шаруашылық саясаты болды. Бүтін Республикада мекемелерді құру, жұмысшыларды азайту, мемлекет шығынын әбжету жұмысы басталады.

Білім кеңесіне де білім комиссияларға да әбжу керек болды. Бұл, әбжуден, білім комиссиясы құйрық қанаттарынан айырылып шықты. Білім комиссиясында тек үш кісі ғана қалды: Бірі төбе ағасы, бірі мүшесі, бірі білімді хатшы. Өңке жұмыскерлердің бәрі тарқатылды. Осы үшеуі ғана, керекті жұмысты істейтін болды. Білім жұмысы, қолдан келетін кісілер, комиссияға белгіленіп байланбайтын болды. Комиссия мүшелерінің үлгере алмаған жұмыстарына, мезгілді жұмысшылар шақырылатын болды. Білім жұмысының ақысы, келісуімен берілетін болды. Мезгілді жұмысшыларға төлеуге бүтін керек жарақтарына жұмсауға, білім комиссиясына жүгірту (операция) ақша берілетін болды. Түзелген бағыт бұзылды. Ұйғарылған жұмыстардың бәрі қылынды. Бұрынғы ұлы жолды тастап, жұмысты ойға шақтап істеу керек болды. Жүгірту ақшаны, компрос комиссияға тауып бере алмады. Комиссия қағазға, сияға. отынға, шамға, қалам-қарандашқа зар болды. Айлық маянасын дұрыстап ала алмайтын болды. Баспа үшін даярланған сөздерді көшірген шәкірт балалардың жартымсыз ақысын төлей алмайтын күйге түсіп. Хәл-жайын айтып қанша зарласа да білім кеңес комиссияға ақша тауып бере алмады. Білім комиссиясының мұндай жайын көріп, 1922 жылдың басында түр-түсінің біраз кеңсе саймандары мен ақша жәрдем берді. Осы жәрдем комиссиясының едәуір белін көтерді. Біраз, жұмыс істеп, қарыздарын өтеуге себеп болды.

Косириустан білім кеңесінен қазақ-қырғыз білім комиссиясына жүгірту ақша осы күнге дейін берілген жоқ.

Осындай күйде болып, білім комиссиясы осы күнге жетті. Алдымыздағы күндеріміз тәуірірек болар деген үмітіміз бар. Білім кеңесі жүгіртуге смета бойынша ақша алмақ. Бұл ақшадан, Қазақ-қырғыз комиссиясына да үлес бермек.

Осындай, нашар халде болып тұрғанда, білім комиссиясының қолынан айтарлық жұмыс келмеді. Ақы беріп, білімділерге жұмысын істете алмады. Азды-көпті істеген жұмысына Қазақ-қырғыз институтындағы бір қатар шәкірттер, бірлі-жарымды мұғалімдер жәрдемші болды. Бұлар азғана болған жұмыс ақына қарамай, жазылғандарды көшіруге тексеріп шығуға, корректура ұстауға жәрдемші боды.

Алғашқы ұйғарған кең жолды қойып, комиссия қолынан келерлік ғана жұмыстарға айналды. Ең керекті екпінді жұмыс деп, комиссия бірінші, екінші басқыштарға оқу кітаптарын даярлауды тапты. Сонан соң, комиссиядағы жиылып жатқан халық әдебиетші түстеп тізіп тергеп, тексеріп баспаға даярлауды ұйғарды. Осынша жұмысы баспаға берілген кітаптардың тез дұрысталып, басылып шығуын қарастыру болды.

Мектеп кітаптарын даярлауға, комиссия ете назарын салды: Бірнеше жиылыс жасады, қазақ азаматтарын оқу кітаптарын жазуға шақырды. 1922 жылдың аяғында мына азаматтар мынадай оқу кітаптарын жазып бермекші болып уәде берді:

1)       С. Кожанов, Арифметиканың бірінші бөлімін.

2)       К.Жаленов. Арифметиканың екінші бөлімін.

3)       А.Таныбаев Педагогиканы.

4)       Ф. Ғалымжанов Арифметикадан абсейттікті.

5)       X. Досмухамедов «Жануарлар жайынан».

6)       С.Оспанов Қазақ-қырғыздың тіліндегі сөздерді түзеуді.

Бұл кітаптардан жануарлардан басқа комиссияға кітап тапсырылған жоқ?

Естуімізде, Қожанов пен Жаленовтың кітаптары жуық арада колға тисе керек: Таныбаев пен Ғалымжанов іске кіріскен жоқ, Оспанов сөздерді тізіп жүрсе керек. «Кітап жаз!» дел тапсырылған азаматтарға, еш қолайлы шарттар қоялмадық. Бұларға ақша жағынан болсын, тұрмыс түзеу жағынан болсын жәрдем бере алмадық. Сондықтан, неге кітап жазбайсың деп, өкпе айтуға болмайды. Және де тезден жазып бер, деп асықтыруға да ұят. Тамақ асырап тұрған жұмысыңды тастап, аш-жалаңаш болсаң да, көптің жұмыс қыл деп, төрт-бес жігітті қамыттауға болмайды.

Комиссияда жиылып жатқан халық әдебиетінен алдымен, Диваев материалдары тізіліп тіркеліп тустелді. Көбі тіркеліп дұрысталып, қайта көшірілді. Жазбасы өте нашар танылмайтын бір азғана бөлігі, көшірілмей тексерілмей тұр. Көшірілгендерінің көбі қаралып, баспаға даярланды. Жетісудан жиылған материалдар түстеліп, нөмірленіп тіркелді.

Бұлардың тізілген жинағы компростың жаңадан шыққан «Наука и просвещение» деген журналының бірінші нөмірінде басылды. Сырдариядан жиылған материалдар түстеліп тіркеліп жатыр.

Комиссиядағы жиылып жатқан халық әдебиеті тым көп, жиылғанда бұлар ретсіз, жолсыз қалай болса солай жиылған. Көбінің жазбасы өте нашар. Бұларды тергеп, тексеріп анықтау өте қиын жұмыс. Сондықтан, бұларды дұрыстап баспаға даярлауға, комиссияға бұл күйінде көп уақыт керек.

Білім комиссиясының сынынан өткен кітаптар, басылуға мемлекеттің баспасөз таратушы мекемесіне (Госиздатқа) тапсырылады. Заң бойынша, «Госиздат» өз ісіне өзі ерікті. Ешкімнің нұсқауын алмайды. Қолына келген кітаптардың қашан басылуы, қалай басылуы «Госиздаттың» толық еркінде.

Жаңа шаруашылықтың салдары, 1921-ші жылы Госиздатқа да тиеді. «Госиздат» мемлекеттен ақша алмайтын, өз шығынын өзінің пайдасымен толтыратын, өзін-өзі ақтайтын мекеме болды. «Госиздат» құрыла бастады. Шығындарын азайта бастады.

Басылуға қабыл алынған кітаптардың жазу ақысын (гонорарын) Госиздат беретін еді. Шығынын кеміту үшін, «Госиздат» жазушылардың қалам ақысын екіге бөліп төлейміз деп, қаулы қылды. Акының жартысы кітапты тапсырғанда берілетін, жартысы кітап басылып шыққанда берілетін болды. Бұл қаулы білім комиссиясына, жығылғанның үстіне жұдырықтай болып тиді. Кітап жазушылар уақыты мен таксе бойынша ақысын алалмайтын болдық деп, жазудан тіпті безерге қалды.

Ташкендегі мұсылман баспаханаларының жайы, бұрыннан да онша жақсы емес еді. Мұсылманша кітаптар өте шабан басылатын еді. Жаңа шаруашылық саясаты, баспаханаларға да салқынын салды. Қағаз, харіфтер, туралы баспаға керек саймандар құралдар мезгілімен жетісіп тұрмады. Кітаптардың шабан басылуына, мұнын бәрі себеп болды.

Жазылған кітаптар тез басылып шығу керек. Жазылған сөз тез басылып шығып тұрса, арналғандарға тиетін төте пайдасынан басқа да көп әсер береді. Ішіндегі сөздері сыналып, әсіресе, ғылым атаулары (терминдері) көптің сынына өтіп, қолданып білім тілін байытып, ғылым тілінің бір жолмен жүруіне себеп болады. Бұл бір, екінші соңғы жазушыларға көп тәжірибе береді.

Үшінші, жазушының өзі көңілді болып тағы да, жазуға тырысуға себеп болады. Төртінші сөз жазғысы келіп жүректеніп жүргендерді, еліктеуге себеп болады.

Өткен күн бос кетпейді. Келешек күнге тәжірибе болады. Қалай болғанда да, осы күндерде Қазақ-қырғыздың білім әдебиеті күннен күнге азда болса ілгері жорғалап келеді. Білім әдебиетінің негізі-ғылым атауларын дұрыстап тағу. Өзінің жақсы білетін пәнін қолға алып, бұны қалайша қазақша аударамын деп, алғы соңымен шатасқан кісі ғана ғылым атауларын дұрыстап таға алады. Бұндай кісілер, кітап жазушылар. Бұлардың пікірі ұлғайып, тәжірибелері көбейіп, кешегі дұрыс деген ғылым атаулары бүгін қолайсыз болып қалуы мүмкін. Баспаға бір берілген кітапты, қайта алып түзеуге болмайды.

Күнінде көріс болған кітап кешігіп шыққандығынан, ғылым тілі жағынан ескіріп қалуы мүмкін. Сондықтан, қазақша жазылған білім кітаптары тез басылып шығуы керек.

Білім кітаптары әсіресе, оқу кітаптары техника жағынан епсіз болып, дұрыстап басылып шығуы керек. Алғашқы уақытта қазақша басылып, шыққан кітаптар техника жағынан өте нашар болды. Бұның себептері басқаларда саймандардың кемдігі, қазақ-қырғыздан харіф түзеушілердің жоқтығы. Қазақ-қырғыздан корректорлардың болмағандығы болды.

Білім кітаптарының дұрыстап басылуына, қазақ-қырғыз білім комиссиясы қам қылмаса болмайтын болды.

Жоғарғы айтылғандардың бәрін еске алып, білім комиссиясы «Госиздатпен» байланысуды, біргелесіп жұмыс қылуды міндет тапты. «Госиздаттың» басындағы адамдар да бірлесіп жұмыс қылуды, дұрыстап білім комиссиясының бұл пікірін хош көріп, қабыл алды.

Госиздаттың қаулысы бойынша, білім комиссиясының өкілі коллегияның мәжілісіне кіретін болды. Бұл уәкіл, мұсылман баспа істері туралы коллегияның мүшесіменен бірдей хұқықты болды. Госиздатта білім комиссиясының уәкілі болуы, баспаханалардың жай күйімен танысуға, қазақша кітаптардың жылдамырақ дұрысталып басылуына кедергі болған нәрселерді жоюға, аз да болса себеп болды. Жаңа шаруашылықтың саясатына көндіккеннен соң, Госиздаттын өзі де мұсылман баспа сөздерінің гүлденуіне зейінін салды.

Жазушылардың қалам ақысын, бірден беретін болды. Кітаптардың дұрысталып шапшаң басылуына, ажтағат ететін болды. Біздің б|р нашар жеріміз, қазақ-қырғыздан корректрлердің жоқтығы. Кітаптың корректурасын ұстау деген қиын нәрсе. Білім кітаптарының әсіресе, оқу кітаптарының корректуресін еңді зейінді орнықты болуды сүйеді Көп уақыт алады. Корректрліктің ақысы көп болмайды.

Сондықтан, осы күнге дейін қазақтан корректорлыққа маман болып

шыққан кісі таба алмадық. Қазақша басылған кітаптардың қатарының корректурасын, білім комиссиясының мүшелерінің өзі ұстайтын болды. Бір қатар корректураларды жалынып, жалбарынып шет кісілерге ұстаттырды. Білім комиссиясының мүшелері, уақытын корректура ұстап өткізеді деген ұнамайтын іс. Білім комиссиясының алдындағы бір жұмыс, қазақтан корректорлар табу.

Қазақ-қырғыз білім комиссиясы, мекеме мемлекеттің білім кеңесінің жұмысшы ұйымының бірі болып саналады. Сондықтан, білім кеңесінің ұсыныстарын, нұсқауларын орындау, түрлі білім, әдебиет, мәдениет комиссияларда, жиылыстарда, мәжілістерде болу. Қазақ-қырғыз жайынан керекті мағлұматтар беру, пікірін айту, өз ақы жолы ушін таласу, қазақ-қырғыз білім комиссиясына әрі мұқтаж, әрі міндет, өткен қыс бірнеше жиылыстар, мәжілістер болды. Үлгі үшін төменгілерді көрсетеміз.

1)       Бірінші профессор Калуевтың, Байтұрсыновтың «Тіл-құралы» туралы баяндамасы.

2)       Профессор Полиевтің «Түрік грамматикасы қалай түзеу керек?» деген баяндамасы.

3)       «Өзбек халқының мәдениет һәм халық ағарту жолындағы жұмысшыларының сиезі».

4)       Ұлт комиссариатының жанындағы қазақ-қырғыз бөлімін құрған түрлі мәжілістері.

5)       Білім комиссиясының өзінің түрлі жиналыстары. Мәселен: жаңа жазылған кітапты, терминдерді тексеру үшін.

Осындай, жиылыстарға білім комиссиясының мүшелері не тұтасымен, не кезектеліп барып тұруға керек болды. Прессамен байланыспаған сөздердің бәрі, басылу үшін білім кеңесінің сынынан өтпекші. Бұл, білім кеңесінің жорасында бар, Қазақ-қырғыз тіліндегі  жоғарғы көрсетілген сөздер Қазақ-қырғыз білім комиссиясының сынынан өтеді. Сондықтан, қазақ-қырғыз білім комиссиясы хүкіметтің ресми сыншысы болып саналады.

Былтырғы күзден, бері мынадай бас нәрселер сыналып өтті.

1)       Компростің қазақ тілінде шығаратын харитасынын бірінші бөлімі

2)       «Бекет батырдың» киноматограф суретіне қалай алынашақ жобасы.

3)       Успенский мен Мироновтың нотаға аударған он өлеңі. Бұл өлеңдердің әндері қазақша сөздері білім комиссиясы тарапынан жазылды.

4)       Білім кеңесіне «Госиздатқа» тасқа басу үшін берілген кітаптар, кітапшалар, альбомдар тағы талайлар.

Комиссия құрылғанынан бері қарата, төменгі кітаптарды тасқа басуға берді.

1)       А.Байтұрсынов. «Әліппе» басылып шықты.

2)       А.Байтұрсынов. «Тіл құралы» бірінші бөлім басылып шықты.

3)       А.Байтұрсынов. «Тіл құралы» екінші бөлім басылып шықты.

4)       А.Байтұрсынов. «Баяншы» басылып шықты.

5)       М.Дулатов. «Есеп құрал» бірінші бөлімі басылып шықты.

6)       М.Дулатов. «Есеп құрал» екінші бөлімі басылып шықты.

7)       «Кеспе Әліппе» бір бөлегі басылып шықты. Бір бөлігі қалың қағаз жоқтан басылмай тұр.

8)       И.Тоқтыбаев. «Жағырафия сөзі» басылып болды, хариталар басылып жатыр.

9)       И.Тоқтыбаев. «Түркістан» тізіліп бітуге жақындады.

10)    Басығарин. «Күн күркіреу мен найзағайы не нәрсе» терілген жоқ.

11)    Х.Досмұхамедов. «Табиғат тану» сөзі басылып бітті. Суреттері басылып жатыр.

12)    Х.Досмұхамедов. «Жануарлар» бірінші бөлім тізіліп бітті.

Жуық арада басылса керек.

13)    Х.Досмұхамедов. «Жануарлар» екінші бөлімі тізіліп бітуге жақындады.

14)    Ф.Ғалымжанов «1922-ші жылдың қазақша календары» шықты.

15)    Э.Диваев материалдарынан батырлар:

1)       «Қарақыпшақ Қобыланды».

2)       «Нароғлы Шора».

3)       «Бекет батыр».

4)       «Қамбар батыр».

5)       «Шора батыр».

6)       «Мырза Едіге» батыр.

7)       «Алпамыс» батыр.

Батырлар жеті кітап. Бәрі де басылып шықты.

16)    Диваев материалдарынан бір терме кітап жаңалықта берілді. Әлі басуға алынған жоқ.

17)    Ыбрайдың, Абай Құнанбаевтың таңдама өлеңдері жуық арада шапшаңдықпен басылса керек.

Бұл кітаптардың. жоғарыда он екісі 1921-ші жылы қаралып, баспаға берілді. Қалғандары, 1922-ші жылы баспаға берілді.

Қазіргі күнде, қазақ-қырғыз білім комиссиясында тек екі адам бар: Төбе ағасы Досмұхамедов, мушесі Ә.Диваев. Білімді хатшысы: У.Омаров өткен майда шығып кеткен еді. Білімді хатшының орнына, осы күнге дейін қолайлы кісі табылмай тұр. Осы күні ресми жұмыстардан басқа комиссияның мүшелері мынадай жұмысын істеп жатыр:

Х.Досмұхамедов екінші басқыш үшін, «Адамның анатомиясы мен физиологиясын» жазып жатыр.

Диваев Сырдария қазақтарының арасынан жиылған материалдарды түстеп, тізіп жатыр. Алдымыздағы қыс білім комиссиясы мынадай жұмыстарды істеуге ұйғарады.

1)       Қолдан келгенінше оқу кітаптарын жазу ақшасы болса, бұрынғы жалыну жолды тастап, керекті адамдармен шарттасуды ылайык кереді

2)       Қолдағы этнография материалдарды баспаға да жариялай беру.

Былтырғы күзден бері қарата еткен жұмысында қазақ-қырғыз білім комиссиясы білім кеңесінің бөтен комиссарлары мен әсіресе, өзбек һәм білім, тәрбие комиссияларымен бірлесіп жұмыс қылды. Биылғы жаз, білім кеңесінің қарауына, халық комиссиялары кеңесінің жанындағы білім кеңесі, білім тексеру комиссиясы атанып кірді, және де жаңадан түрікпен білім комиссиясы, тәжік білім комиссиясы ашылды. Алдымызда да, білім кеңесінің бұрынғы жаңа комиссияларымен бірлесіп іс істерміз деген ойымыз бар.

Халел Досмұхамедов.

16 мизам 1922 жыл. Ташкент.

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу