Ерлан Қарин: Мен тас емес, рух іздеп жүрмін…

«Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин бұл сұхбатында Моңғолиядағы қазақ ортасына жасаған алғашқы сапары туралы қортынды пікір білдіре келіп, кешегі Алаш зиялылары мен бүгінгі ұлттық мәселелерге қатысты ойларын ортаға салады.

«Бізде бір абсурдты жағдай қалыптасқан. Билікке демократиялық, жемқорлық туралы оппозициялық көзқарастағы пікір айту — ұлттық мәселеге қатысты пікір айтудан жеңілірек. Яғни, билік оппозициялық күштердің бүгінгі мәселелерге қатысты айтып жүрген ойларына кешіріммен қарайды. Ал ұлттық тақырыптарды қозғауға болмайды» дейді ол.

Қазақ альманағы: Көптен бері Моңғолияға сапар жасауды армандап жүрген едіңіз. Жақында жол түсіп бірге барып қайттық. Ол жақ мен үшін таңсық болмаса да бұл сапар маған да ұнады. Өйткені, сол өңірде көктүріктің көзіндей болып тұрған балбал тастардың құдіреті мен мысын сезінгендей болдым. Қалай болғанда да балбал тас іздеп баруыңыз мақсаты зор сапар деп бағалануы керек. Әңгіме басын осы Моңғолия сапарынан бастасақ. Қандай әсермен оралдыңыз? Ойға не түйіп қайттыңыз?

«Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин бұл сұхбатында Моңғолиядағы қазақ ортасына жасаған алғашқы сапары туралы қортынды пікір білдіре келіп, кешегі Алаш зиялылары мен бүгінгі ұлттық мәселелерге қатысты ойларын ортаға салады.

«Бізде бір абсурдты жағдай қалыптасқан. Билікке демократиялық, жемқорлық туралы оппозициялық көзқарастағы пікір айту — ұлттық мәселеге қатысты пікір айтудан жеңілірек. Яғни, билік оппозициялық күштердің бүгінгі мәселелерге қатысты айтып жүрген ойларына кешіріммен қарайды. Ал ұлттық тақырыптарды қозғауға болмайды» дейді ол.

Қазақ альманағы: Көптен бері Моңғолияға сапар жасауды армандап жүрген едіңіз. Жақында жол түсіп бірге барып қайттық. Ол жақ мен үшін таңсық болмаса да бұл сапар маған да ұнады. Өйткені, сол өңірде көктүріктің көзіндей болып тұрған балбал тастардың құдіреті мен мысын сезінгендей болдым. Қалай болғанда да балбал тас іздеп баруыңыз мақсаты зор сапар деп бағалануы керек. Әңгіме басын осы Моңғолия сапарынан бастасақ. Қандай әсермен оралдыңыз? Ойға не түйіп қайттыңыз?

Ерлан Қарин: Бұл — менің Моңғолияға жасаған алғашқы сапарым. Ол жаққа баруды көптен бері армандап жүр едім. Бірінші сапарым ақпараттық-танымдық сапар болды. Тек уақытымның аздығына өкіндім. Менің бір түсінгенім, Моңғолияға уақытты молынан қамтып бару керек екен. Асықпай аралау қажет деген ой түйдім. Бұл жолғы сапардың негізгі мақсаты — балбал тастарды бейнетаспаға және фотоға түсіру болғанына еріксіз қанағат тұтасың. Әйтпесе, қамтылатын тақырыптар аз емес қой. Баян-Өлгейде ғұмыр кешіп жатқан қазақтармен сөйлескендегі бір байқағаным, Моңғолиядағы, Ресейдегі тіпті Қазақстандағы қазақтардың уайымы әр түрлі болғанымен — тілегі бір. Ұлттық мәселеге қатысты ой-пікірдің алуан түрлілігін осындай сапар барысында қатты байқайсың. Бір қызық құбылыс, Моңғолия мен Қытайда тұрып жатқан қазақтар елден тыс өмір сүріп жатқан сияқты сезіледі. Алайда, дәстүр мен ұлттық құндылықтардың формалары елден гөрі сол «елден тыс» жерде өмір сүріп жатқан қазақтарда жақсы сақталған. Бұл — көптеген ұлттардың табиғи болмысында кездесе бермейтін ерекше құбылыс. Біз әдетте оларды «елден тыс» жерде тұрып жатыр деп санаймыз. Бірақ нағыз қазақы ой, қазақы фәлсапа солардың арасында барынша дамыған. Тағы бір таңғалатын нәрсе, ұлттық өнердің, ұлттық мәдениеттің мәйегін, ғажайып сөз орамдарының ерекшелігін біз «елден тыс» жерлерде тұрып жатқан қазақтардың ішінен іздейміз. Мәселен, шынайы саясатшылық өнерді Моңғолия мен Қытайдағы қандастардан көреміз. Жақында Мұрат Әуезов ағамыздың бастауымен Қытайдағы қазақтардың көпшілікке беймәлім жауһар жырлары топтамасының жарық көруі осының бір ғана дәлелі. Сондықтан Моңғолия сапары маған әр түрлі сезім сыйлады. Бір жағы ол сырт жаққа барғандай әсер болған жоқ. Себебі, Қазақстанның бір облысында жүрген сияқты сезілді: барлық адамдар қазақша сөйлейді, даладағы жазулар да қазақша, сол күнделікті көріп жүрген үрдіс. Бір жағы тың, сырын ішіне бүккен құпия өңірге барып қайтқандай да әсер алдым. Мұны мен қашықтық қана емес, уақыт бойынша да жасалған сапар деп санадым.

Қазақ альманағы: ХІХ ғасырдағы қазақтың көшпелі тұрмысы мен салт-дәстүрін көргендей болдым дейсіз ғой?

Ерлан Қарин: Өздері де қалжыңдап солай айтады. Қазақтың ескі тұрмыс-салтын жаңа заманның жетістіктерімен де сақтап отыр. Мысалы, жайлаудағы әр киіз үйдің іргесінде спутник жүйесі мен күн сәулесінен электр жарығын алатын қуат көзі тұр. Қой бағып жүріп ат үстінде де бір-бірімен қалталы телефонмен хабарласып жатыр. Яғни, ол жақтағы барлық қазақ ақпарат жағынан толықтай қамтылған деуге болады. Отандық телеарнаны айтпаған күннің өзінде, Қытайдың үш-төрт, Қазақстанның төрт-бес телеарнасын көріп отыр. Ақпараттың алуан түрлілігі бар. Қазақстандағы яғни, қара шаңырақтағы болып жатқан оқиғаларды олар күн бе күн көріп біліп отыр. Бірақ, солай бола тұра өмір салты, тұрмыс салты көшпелі мал шаруашылығына негізделген. Осы жағынан өте қызықты-ақ! Осындай ерекше күйге бөлеген сәттер көп болды. Бір мысал айтайын, балбал тас іздеп таулы өңірлерде көлікпен көп жүрдік. Аялдаған шақта жол бастаушы Сұраған аға мен Ержан деген ақын жігіттің әңгімесі құлағымда қалыпты: «Самырсын шатқалымен бөктерлей өтіп, Жыландының желке тұсынан құлдай түсіп, Талдының иығынан бір-ақ шығайық» деген сияқты жол көрсету, жер бедерін сипаттаудағы сөз орамдарына әлі күнге дейін сүйсінемін. Кейде тағы тыңдағым келеді, диктафонға жазып алмағаныма өкінемін. Десе де мұндай көркем тілмен жол сілтеуді естігеніме де құдайға шүкір деймін. Сондықтан осы сапардан алған әсерім өкініш пен қуанышқа толы. Әрине қанағаттанбай тағы да барғым келетінін жасырмаймын. Әдетте көптен бері ойыңда жүрген істі қолмен ұстап, көзбен көрген соң көңілің тыныштала қоятыны бар ғой. Ал бұл сапар керісінше одан сайын мені ынтықтырып, Моңғолияға назарымды одан бетер арттырып отыр. Осы отырғанда келесі сапарды да жоспарлап отырмын. Шынымды айтсам, қай тақырыпқа көңіл бөлерімді білмей басым қатуда: саятшылық өнерді тамашалаймын ба, жергілікті қариялардың әңгімесін тыңдаймын ба, әлде тау-тасты кезіп, балбал тастарды түсіремін бе?.. Әрине, бір барғанда да, екі барғанда да Моңғолияның бүкіл өңірін аралап біту мүмкін емес.

Қазақ альманағы: Біздің ұлттық рухымызды көтеруге, отаршылдықтан жойылып кеткен ұлттық иммунитетімізді қайта қалпына келтіруге осы балбал тастар көмек ете ала ма? Моңғолия сапарының түпкі мақсаты осы шығар?

Ерлан Қарин: Соңғы екі жылда менде балбал тасқа деген әуестенушілік пайда болды. Балбалға неге қызыққанымды көп адамдар сұрайды. Мен бұған кәсіби тарихшы немесе археолог ретінде ден қойған жоқпын. Бұл тақырып турасында белгілі ғалымдар: Зейнолла Самашев, Қаржаубай Сартқожаұлы, Айман Досымбетовалар құнды еңбектер жазып, көптеген шәкірттер тәрбилеп жатыр. Ал мен балбал тастарды бейнетаспаға, фотоға түсіріп жүргеніммен оның түпкі төркініне жауап бере алмаймын. Мені Моңғолияға баруға жетелеген — мына бір аңызға бергісіз оқиға. Баян-Өлгейге барған Мұхтар Мағауин түннің бір уағында балбал тастарды құшақтап еңіреп жылапты. Ұрпағың азып барады, тұрыңдаршы деп балбалдарға тіл қатып жаңбырлы түннің астында өксіген көрінеді. Міне, осы бір әңгіме маған ерекше әсер етті. Мұндай көңіл-күйді мен де сезінгім келді. Көбінде біздер өзге елдің құндылықтарына сүйсінетін әдетіміз бар ғой. Мәселен, Қытайдағы ұлы қытай қорғаны, Египеттегі пирамидалар сияқты көп елдің өткен өмірінен сыр шертетін, бүгінге дейін сақталған нақты көне мұралары бар. Қазақта мұндай қолтаңба бар ма деген сұрақты өз-өзіңе қоясың. Шын мәнінде бізге бабадан қалған негізгі мұра — жер. Бүгінгі ұрпақ осыны жете түсіне алмай келеміз. Бабаларымыз аталары мұра етіп қалдырған жердің мұртын да бұзбай сол күйінде бізге аманат қылып қалдырды. Астанадан 100 шақырым жерде, Ерейментау бағытында, Торғай атты елді мекенде екі балбал тас тұр. Өте әдемі, түркі дәуірінен қалған тас. Айына бір рет барып күш-қуат жинап қайтамын. Астанаға жақын жерден мұндай мұраның табылғанына қатты қуанып жүрмін. Өкінішке қарай, еліміздің солтүстік өңірінде мұндай тастар кездесе бермейді. Себебі, тың игеру кезінде көбісі техниканың табанына түскен. Қиратылған, ұрланған. Көшпелі мал шаруашылығының бір ерекшелігі, Алла тағала жерді қалай берді, адамдар оған ешқандай өзгерту жасамай (өзенін бұрмай, қолдан көл жасамай, тауын теспей) сақтаған. Қазір кейбір елдер құдаймен жарысып теңізден арал жасап қала салып жатыр ғой. Ал біздің ата бабаларымыз табиғатты ерекше құрмет тұтып, оны саф күйінде сақтай білген. Тек осы жерде өздерінің ғұмыр кешкенін көрсету үшін тасты қашап мүсін қалдырған. Бұл — олардың бірден бір және ең басты мұрасы. Және олар өте кең көлемде шашыраңқы орналасқан. Яғни, бір жағынан аталарымыздың осыншама кең жерді мекен еткенін дәлелдейтін шекара сызығы іспетті. Менің көрсеткім келгені — жалпы образ және атадан қалған жердің кеңдігі. Айталық, Моңғолиядағы, Меркідегі, Кереку өңіріндегі, Маңғыстаудың үстіртінен табылған балбал тастардың аздаған ерекшеліктеріне қарамастан барлығына тән ұқсастықтары бар. Бет-пішіндері, мұрт қоюы, жауынгерлік рухы бір-біріне ұқсайды. Көп ретте байқай бермейтін бір жайт бар, бабаларымыз қас батыр жауынгер сарбаздарға ғана емес, аса құрмет тұтатын жауларына да тастан қашап мүсін жасаған. Яғни, ата жауына да құрмет көрсеткен. Міне, дала заңының ақсүйектігі! Осы ретте тағы бір айтарым, мінез жайында. Балбал тастардан жауынгердің қаһарын, мысын, даналығын көресің де ата-бабаларымыздың мінезін елестетесің! Кейде балбал тастарға археологиялық нысан ғана емес, ғажайып өнер туындысы ретінде де қарау керек деп санаймын. Тасқа адам баласының түр-түсімен бірге мінезін де көрсете білген. Мәселен, бірінде адамның қайғысын, мұңын көрсетсе, тағы бірінде қаһарын, батырлығын әйгілейді. Мұндай аса күрделі образдарды тасқа қашап жасаудың өзі оңай дейсіз бе?! Көп адам балбал тас өлген адамға арналып қойылған құлпытас деп түсінеді. Балбал тас тұрған жерде адам жерленген деп те қарайды. Бұл мүлде олай емес.

Қазақ альманағы: Сапар кезінде сіз балбал тастар мен Алаш зиялыларында бір үндестік барын айтып қалдыңыз. Маған осы ойыңыз қатты ұнады. Ақиқатты балбал мен Алаштан іздеп жүрген сияқтысыз?

Ерлан Қарин: Рух тұрғысынан екеуінде бір байланыс бар сияқты сезіледі маған. Баян-Өлгей аумағында жүргенде Сеңгіл аулының әкімі, менің партия хатшысы екенімді ескерген болар, «партияға тас не керек, адам керек емес пе?» деп әдемі әзілдегені бар. Әрине, мен тас емес, рух іздеп жүрмін… Алаш тарихын оқып және өзгелерді де осы тақырыпқа ден қоюға шақырудағы мақсатым — осы рухты іздеу. Алашты зерттеушілер көп қой, ал мені қызықтыратыны, Алаш зиялыларының елдік рухы, ұлтшылдығы, халық үшін кез келген құрбандықтан таймайтыны, даналығы һәм өжеттігі. Осындай асыл мінездердің барлығын Алаш зиялыларының бойынан табамыз. Және таң қаламын: осыншама қасиет бір адамның бойында қалай қалыптасқан? Ал бүгін бір тұлғаның бойынан осыншама қасиеттерді көру өте қиын болып кетті: ғалым болса, күрескер емес, күрескер болса ғалымдығы жоқ, қайраткер болса, мінез жоқ… бір ғана Әлихан Бөкейхановты алайықшы, ұзақ жылдар ғылыми экспедицияның қатарында жүрді. Жермен, биологиямен айналысты. Ал Мұстафа Шоқай басқа жолды таңдағанда әлемге аты мәшһүр шығыстанушы болар ма еді?!. Әр қайсысының орны ерекше! Тіпті оларды Ресейдің мүйізі қарағайдай ғалымдары, қайраткерлері мойындаған. Сондықтан Алаш зиялыларының өмірі маған да, менің замандастарыма да тәрбие мен рух береді. 90-жылдардың басында біздің көптеген саясаткерлер орыс зиялыларынан цитата келтіретін, тіпті кейбірі американдық қайраткерлерге табынып жүрді. Демократия мәселесі турасында пікір-таласта осы күнге дейін, әсіресе билік маңындағы саясаткерлер, Қазақстан әлі демократияға дайын емес, себебі идеалық базасы жоқ деген сыңайдағы сыңар езу пікір айтып келеді. Сыңар езу дейтін себебім, ХХ ғасыр басында Алаш қайраткерлері бүгінгі ТМД төңірегінде ең бірінші болып ұлттық-либералды деңгейдегі партия құра алды. Сол кездегі олардың айтқан ойлары мен ұсыныстары дәл бүгінгі қайраткерлердің күнделікті қолданатын тың, таптырмайтын теориялық материалына жарап-ақ тұр. Біз осының өзін кәдемізге жарата алмай жүрміз. Биліктің де, оппозицияның да өкілдерінің Алаш зиялыларының сөзін келтіріп сұхбат бергенін немесе пікір-таласқа пайдаланғанын естімейсің. Тек кезінде марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы сынды бірді-екілі тұлғаны қоспағанда. Білмейді, я білсе де айтпайды. Сондықтан да балбал тастар мен Алаш тақырыбында қасиетті байланыс бар.

Қазақ альманағы: Мына бір балбал тастың мұрты Әлихан Бөкейхановтың мұртына ұқсайды, ә?

Ерлан Қарин: Бойындағы мінез ғой, мінез! Қазақты қазақ қылып сақтап қалған — мінезі. Жақында мен Еуразия ұлттық университетінің табалдырығын жаңа аттаған студенттермен кездестім. Биыл еліміз бойынша мектеп бітірген 1546 «Алтын белгі» иелері бар екен. Солардың 407-і, яғни, үштен бірі осы университетке түскен. Студенттердің алдында мынадай сөз айтып едім: Сіздер білесіздер ме, Астананың құрылысы неден басталып еді? Астана құрылысы Кенесары ескерткіші мен Еуразия ұлттық университетін салудан басталды. Осы екі нысанның құрылысы өзгелерден бірінші болып саналы түрде басталды ма, әлде кездейсоқтық па, мен оны білмеймін. Хан Кененің ескерткішінің бірінші болып қолға алынуының бір сыры бар. Әріптесім Берік Әбдіғалиев Кенесарының қазіргі Астананың орнында болған бекіністі ала алмай өкініште кеткенін, енді мына бейбіт күнде оны біздің алғанымыздай сезіледі деп айтатыны бар еді. Сол сияқты алдымен ең соңғы ханымыздың ескерткішін салуымыздың өте үлкен мәні бары екенін жиі айтуымыз керек. Астананың символы тек Байтерек қана болмауы тиіс. Екінші, елдің тізгінін ертең болашақ жастар ұстайды. Кезінде Алаш қайраткерлерінің бірі «Түбінде еліміз егемендігін алады. Өз алдына дербес мемлекет болады. Мемлекеттілігімізді алған кезде ең бірінші болып Қараөткелде университет саламыз» деп хат жазған. Міне, көрдіңізбе, олар сол кезде осы күнді армандаған. Қараөткел деп отырғаны — осы Астана. Алаш арыстарының арманын бүгін біз іс жүзіне асырып отырған сияқтымыз. Бүгінгі буын кешегі арыстардың осы арманын жан-тәнімен ұғуы керек. Кезінде Мұстафа Шоқайды әкесі Ташкенттегі орыс гимназиясына әкеліп өткізеді. Мектеп табалдырығын аттаған Мұстафа орыс тілін жетік білмейді екен. Бір жылдан кейін ол класындағы ең үздік оқушы атанады. Бұл Мұстафа Шоқайдың бойындағы ерекшелік пе десек, бір жылдан кейін дәл сол гимназияға орысша шала-шарпы білген тағы бір қазақ баласы келеді де жыл өткенде қатарынан озып, орыс тілін игеріп үздік Мұстафаның қатарына ілігеді. Міне, бұл бұларды алға жетелеген — мінез!

Қазақ альманағы: Сапардан кейін естігенім, Баян-Өлгейдегі біраз қариялар сізге балбал тас іздеген бала деген ат қойыпты. Мұның астарында үлкен мән жатқаны анық. Алдағы күндері қазақ миссиясына лайық осындай рухани, идеологиялық сапар жасауға құлықтысыз ба?

Ерлан Қарин: Кейде күнделікті қоғамдық-саяси жұмыстардан бас тартып, осындай ұлттық ірі жобалармен айналыссам ба деп ойлайсың. Себебі, бұған менің бетімді ешкім қайтара алмайтындай қызығушылығым оянған. Саясат аумалы-төкпелі, уақытша әрі алдамшы. Біз іргесі жаңа бекіп жатқан мемлекетпіз, бізге әлгіндей ағартушылық салада көп жұмыс істеу керек.  Жақын күндері тағы да Моңғолияға баруды жоспарлап отырмын. Одан кейін Шоқан ізімен Қашқарияға, Шығыс Түркістанға, яғни, Қытайдағы қандастарға барып қайтсам деген ойым бар. Болашақта мұндай істерді жүйелі түрде қолға аламын ғой деп ойлаймын. Онымен бірге Қазақстанымыздың өзінде де бізге беймәлім ашылмай жатқан құпия тақырыптар аз емес. Қазақстанның өзі қазақстандықтарға — терра-инкогнита. Мәселен, Маңғыстаудағы жер асты мешіттері — өте сирек кездесетін архитектуралық құбылыс. Жер астындағы 22 мешіт — үлкен мәдениеттің, кемел руханияттың бек көрінісі. Шіркін, уақыт болса ғой, осының бәрімен айналысатын.

Қазақ альманағы: «Қазақ альманағының» дәстүрлі сұрағы, қазақтың ендігі кескін-келбеті өзгеруі керек деп жиі атып жүрміз. Бүгінгі қазақтың миссиясы қандай болу керек?

Ерлан Қарин: Бұған бір ауыз сөзбен жауап беру қиын. Өйткені, бұл сауалға жауап дайын болса, бұған өз арамызда пікір-талас болмас еді ғой. Бүгінгі қазақтың миссиясы мұндай сауалдарды жиі көтеруі керек және оған жауап іздеу тиылмауы қажет. Осы бағытта пікір-сайыс жиі болуы шарт. Менің ойымша, ұлттық мәселе туралы дискуссия тоқтаған күннен бастап ұлт жойылады. Оның өміршеңдігі — ұлт әр уақытта алдына сұрақ қойып және соған үнемі жауап іздеп отыруында. Ұлттың төңірегінде болып жатқан барлық оқиғаларға қызығушылық, алаңдаушылық болмаса ертең ол ұлт өміршеңдігін жоғалтып, басқа елдің жетегінде кетеді. Қазақтың мықтылығы осында жатыр. Мәселен, өткен ғасырдың басында аумалы-төкпелі кезеңде ұлт болып ұйысқан, жұрт болып барын түгендеген елдердің өзі тарих тегеуірініне шыдас бере алмай жатқанда қазақ зиялылары ақ пен қараны ажыратып, өз-өздеріне сұрақ қойып, ұлттың жойылып кетпеуіне жан-дәрменімен іс жасады. Я болмаса кешегі кеңестік кезде барлық халыққа саяси жүйенің «өміршеңдігін» насихаттап жатқанда біздің қазақ оған да күмәнмен қарап, ақыры 86-жылы Желтоқсан оқиғасы дүңк етті. 90-жылдардың басында осындай ұлттық сергектік бар еді. Ал соңғы 10-15 жылда мұндай қасиетті жоғалта бастадық. Шамасы алдамшы жетістіктерге малданып отырған сияқтымыз. Жарқыраған Астана, әрине керек, бірақ бұл бейғам жатуға себеп болмауы қажет. Ұлт алдында күрделі мәселелер өте көп екенін ұмытпайық. Қазір ұлттық тақырыпта пікір-сайыс жоғалып кетті. 60-шы, 80-жылдарды айтпаған күннің өзінде, 90-жылдардың басында ұлт мәселесі туралы көп айтылатын, көп жазылатын. Мен үшін осы кезең қызықтырақ еді. Ірі-ірі тұлғалар арасында тәп-тәуір тақырыптарға пікір-таластар болатын. Ал соңғы кездері тұлғалар арасындағы интеллектуалды пікір-таластар жеке бастың айтыс-тартысына ауысып кетті. Кезінде орталықтағы осындай ұсақ дау-дамайлар әбден жалықтырған соң аймаққа — Маңғыстауға кетіп қалдым. Аймақта жүріп көңіл құлази бастағанда Берік Әбдіғалиевтің «Қазақ миссиясы» мақаласын оқып қуанып қалдым. Неге? Бізге сұрақты дәл осындай формада қоя білу керек. Қазақ миссиясы, қазақ ойы, қазақ сөзі, қазақ жобасы, қазақ идеясы сынды форма бойынша біз қазақтық мүдде тұрғысынан белгілі бір проблемаларға жауап іздеуіміз керек. Осындай тақырыптар бойынша дискуссия ұйымдастыра білу де қажет бүгін. Мен мемлекетшілдік қақында мақала жазып жатыр едім. Біздің басты мақсатымыз мемлекеттілігімізді нығайту болсын. Әрине, біз 17 жылда мемлекеттіліктің негізгі нышандарын қалыптастырдық. Бірақ мемлекеттіліктің ең басты ұйытқысы — ұлттың бойындағы мемлекетшілдік сана. Біз неге Моңғолияға барғыштай береміз? Өйткені көне түркілер мәңгілік ел идеясын нықтап кетті. Мәңгілік ел — өз тізгінін өз қолына алған, іргелі ел болып өзін өзгелерге мойындата білген мемлекет. Біз — тәуелсіз мемлекетпіз. Ал жер бетінде мінезді, рухы күшті кейбір ұлттар жеке тәуелсіз мемлекетке зар болып отыр. Солардың ұлттық қасіретте ғұмыр кешіп жатқанын қазақ сезіне білуі керек. Айналдырған 10 млн. қазақ өз еліне әлі қожайын бола алмай жүр. Енді мемлекеттіліктің шынайы нышандары: тіл, дін, білім беру жүйесі, денсаулық, демография сынды мәселелерді жүйелі түрде қолға алуымыз керек. Ал мемлекетшілдік сананы тарих сабақтары арқылы қалыптастыруға болады. Ол — мемлекет құрған көне түркілердің, саяси ағартушылық ісін қолға алған Алаш зиялыларының өмірі т.б.

Қазақ альманағы: Ал сол мәңгілік елді аңсаған Қазақстанның лауазымды мемлекеттік қызметкерлерінің мемлекетшілдік санасы қандай деңгейде?

Ерлан Қарин: Сұрақты дұрыс қойдыңыз. Бізде бір абсурдты жағдай қалыптасқан. Билікке демократиялық, жемқорлық туралы оппозициялық көзқарастағы пікір айту — ұлттық мәселеге қатысты пікір айтудан жеңілірек. Яғни, билік оппозициялық күштердің бүгінгі мәселелерге қатысты айтып жүрген ойларына кешіріммен қарайды. Ал ұлттық тақырыптарды қозғауға болмайды. Дәл қазір мен елдегі демократия, жемқорлық, денсаулық сияқты мәселелерге байланысты «дөңгелек үстел» өткізіп, оған билік өкілдерін қатыстыра аламын. Ал ашаршылық, Алаш тақырыбына аранап алқалы жиын өткіземін дейінші, оған ешқайсысы келмейді. Келгені үнсіз отырады. Оның объективті себебі бар. Өйткені, бүгінгі элитанын дені ұлттық тәрбиемен сусындамаған. Сондықтан олар бұл тақырыпқа қызықпайды. Тағы бір бөлігі ұлтшылдықтан өзіне қатер көреді. Мұны мен олардың бойына 86-жылғы Желтоқсан оқиғасынан жұққан үрей шығар деп ойлаймын. Дербес мемлекет болсақ та біздің элита 23 жыл бұрынғы сол қорқыныштан әлі шыға алмай келеді. Бір қызығы, жаңа заманның жетістіктері мен жақсылығын бойына тез сіңіріп қабылдайды да, тоталитарлық жүйенің үрейінен арыла алмайды. Өкінішті-ақ. Мен түсінбеймін, неден қорқуға болады?! Тіпті қорқу былай тұрсын, осы тақырыптарға саналы түрде қарсылық бар.

Қазақ альманағы: Бүгінгі мемлекеттік тілдің жай-күйіне қандай пікір айтасыз?

Ерлан Қарин: Көп жастардың өз ойларын қазақша жеткізіп, еркін сөйлегенін көргенде қуанасың. Бізді ата-анамыз қаладағы жалғыз қазақ мектебіне берді. Оның өзі аралас мектеп болатын. Осы орайда айтарым, жалпы ұлттықты сақтап қалудың екі жолы бар: дін мен тіл. Біздің ұлттығымызды сақтап қалған ең соңғы фактор дін болды. Егер біз діннен айырылғанда он-ақ жылда жойылып кететін едік. Тілімізден айырылып бара жатсақ та діннен айырылмадық. Соның арқасында қазақ қазақ болып қалды. Кеңес өкіметі кезінде қазақша білмесе де кез келген бала сүндетке отырғызылып жатты. Кейбір ата-аналар қарсылық ретінде балаларын іздеп жүріп бірлі-жарым қазақ мектептеріне берді. Ал бүгін күн сайын қазақ мектебі ашылып жатыр. Сөйте тұра «орысша оқыту әлдеқайда артығырақ» деген пікірде. Қазір қазақ балаларының жартысы орыс мектептерінде оқиды, жартысынан көбі жоғарғы оқу орындарында орыс бөлімінен білім алып жатыр. Қазақстандағы барлық алты жасқа дейінгі балалардың 30 пайызы ғана балабақшамен қамтамасыз етілген. Ал осылардың 30 пайызы ғана қазақша тәрбие алып жатыр. Бұл нені білдіреді? Қазақ баяғысынша әлі жұмыссыз жүр деген сөз. Яғни, баласын бағып үйде отыр. Жұмыссыз адамда үй қайдан болсын. Демек, қазақтың әлеуметтік мәселесі әлі шешілген жоқ, өкінішке қарай. Тәуелсіз ел болдық, бірақ ұлттық табандылықты жоғалтып алдық. 90-жылдың аяғы мен 2000-жылдың басынан бастап ұлттық мінезден, ұлтшылдықтан арылып қайтадан таз кейпімізге кетіп бара жатқан сияқтымыз. Биліктің өзі тілге әлі немқұрайлы қарап отыр. Оны қолға алуға құлықсыз. Табандылық жоқ. Ұзақ пікір-таласқа бармай бір сәтте шешіп тастауға болатын істер көп. Өкінішке қарай осыны талап етуге тиіс қоғамның өзінде табанды ұстанымы болмай тұр. Қалай болғанда да қазақ тілінің жай-күйіне байланысты қалыптасқан жағдайдан билік жауапкершіліктен құтыла алмайды. 17 жылға созылып өз шешімін таба алмай жатқан тіл мәселесі — биліктің кемшілігі. Мемлекеттік тіл туралы заңды кезінде қабылдап қоюға болатын еді. Әлі күнге дейін телеарналарға, тым құрыса, 50 де 50 талабын орындата алмай келеміз. Қоғамдық орындарда қызметкерлердің қазақша қызмет көрсетуін талап ету қиын ба? Мәселен, олимпиада алдында Пекинде барлық таксишілерге ағылшын тілінде тіл сындыруды міндеттеді. Ал біздер өз елімізде мемлекеттік қызметкерлерден бастап халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлеріне дейін қазақша сөйлеуді міндеттей алмаймыз. Демократиялы елдердің көптеген заңдары либералды болып келеді де, ал тіл туралы заңы қатал жазылған: мемлекеттік тілді білмесең, өмір сүре алмайсың. Азаматтық алғың келе ме, тілді біл. Сол сияқты бізде де мемлекеттік тіл азаматтықтың ең басты нышаны болуы керек. Былтыр Ресей БАҚ-тарында Қазақстанда қазақыландыру саясаты жүріп жатыр деген сыңайда бірнеше мақала шыққан соң-ақ біздің кейбір басшылар шұғыл жиналыс өткізіп, шабылып жатты. Тілге қатысты, онсыз да  формальды, бағдарламаны тағы он жылға соза тұрайық деген пікір айтылды. Міне, көрдіңіз бе, бізде ұлттық саясат өкінішке қарай екі жүзді болып тұр. Елде 67 пайыз қазақ тұрады. Оған түркітілдес бауырларымызды қоссақ, қазақша сөйлеуге құлықты қауымның үлес салмағы 80-90 пайыз болады. Абсалюттік көрсеткіш! «Қазақ азшылық, өзге тілді қауым көп» деген баяғы түсініктен әлі айыға алмай келеміз.

Қазақ альманағы: Қазақ мемлекетін құру жолына ғұмырын арнаған үш адамның аты-жөнін атап беріңізші?

Ерлан Қарин: Мен ондай тұлғаларды үш адаммен шектей алмас едім. Тек хандар ішінен он адамды атауыма болар. Қасым, Есім, Абылай… Алаш қайраткерлерінің Ұлттық кеңеске мүше болған 15-ін қалай үш адамға сыйғызамыз?! Менің кабинетімде Әлихан Бөкейхановтың суреті тұр. Егер орын болса Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов сынды қайраткерлердің барлығын іліп қояр едім.

Қазақ альманағы: Кіре берісте де біразы тұр ғой…

Ерлан Қарин: Иә тұр. Әдейі жоғарғы жағына Ұлттық кеңестің төрағасы болған Әлихан Бөкейхановты қойдым. Маған келген кісі ең бірінші Әлихан атамызды көріп, оның ұлтына жасаған ұлық ісін сезінсе екен деймін. Яғни, Ұлттық кеңеске енген 15 адамнан үш адамды даралап ала алмас едім. Алайда, діни тұрғыдан Ахмет Иассауиді, рухани салада ұлттық ар-ұятымызға айналған Абайды, саяси ағартушылық жағынан Әлихан Бөкейхановты атар едім. Бірақ тағы да қайталап айтқым келеді, үш адамды таңдау өте қиын. Қазірде де ұлт мүддесі жолында қызмет етіп жүрген тұлғалар баршылық. Осындай сұрақтың дұрыстығының да бір қыры бар. Белгілі бір тұлғаларға баға берген кезде олардың ұлттық мүддеге, қазақ мүддесіне қаншалықты қызмет еткенін  бағамдайтын боласың. Бүгінгі қайраткерлерге де баға бергенде жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім осынша пайыз болды, өндіріс мөлшері осынша артты, қанша инвестиция тартылды деген көрсеткіш тұрғысынан емес, ұлтқа қаншалықты қызмет жасады деген критерий бойынша екшеу керек деп санаймын. Мысалы Қонаевқа баға беруші кейбір зерттеушілер ол билікке келген кезде 11 облыстың екеуінің ғана бірінші хатшылары қазақ болса, 8 жылдан кейін олардың қатарға 8-ге өскен. Яғни, биліктегі қазақтың үлесі көбейді. Ал кейбір зерттеушілер керісінше Қонаевтың тұсында елде орыстандыру саясаты күшейіп кеткен деседі. Мұны айтып отырғаным, тарихтың жаңа кезеңіне баға бергенде ұлттық мүдде тұрғысынан саралауымыз қажет.

Қазақ альманағы: Жастарға кімді үлгі тұтуға шақырасыз десем де осындай жауап бересіз ғой.

Ерлан Қарин: Азаттық үшін күрестің көп болғанын жиі есіне алып жүрсін деген оймен мен өз балаларыма Кенесары туралы жиі айтып тұрамын. Жалаң сөз болмас үшін Шымкент мұражайында Кенесарының қылышы бар дегенді естіп сонда ертіп бардым. Алаш қайраткерлері туралы айтуға болады. Бұл тақырып өте кең ғой. Кішкентай күнімізде біздің үйде күндіз-түні Қазақ радиосы сөйлеп тұратын. Бойымызға ұлттық тәрбие әжеміздің әңгімесі мен осы Қазақ радиосы арқылы дарыған болар.

Әңгімелескен Еренғайып Қуатайұлы

(Ескерту: Бұл сұхбат «Қазақ альманағында» «Билікке демократия туралы оппозициялық көзқараста пікір айту — ұлттық мәселеге қатысты пікір айтудан жеңілірек» деген тақырыппен жарық көрген болатын).

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу