Елбасы Атырау облысында бес әлеуметтік бастаманың орындалуымен танысты

Мемлекет басшысы «ҚазТрансОйл» компаниясы «Бес әлеуметтік бастаманы» жүзеге асыру барысында Атырау мемлекеттік университетіне сыйға тартқан жаңа Студенттер үйінің ғимаратымен танысты.

Жатақханада тұратын студенттермен әңгімелесу кезінде Елбасы қазақ халқының үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға, сондай-ақ отаныңды сүюге негізделген салт-дәстүрін ұстанудың маңыздылығын айтты.

Университет студенттері «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы жобалардың жүзеге асырылғаны және студент жастарға әрдайым қолдау көрсетіліп келе жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Бес әлеуметтік бастаманың» облыстағы іске асырылу барысы жөнінде мәлімделді.

– «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру барысында облыстың 18 оқу орны 6 мыңнан астам оқулықпен қамтамасыз етілді. «Туған жер» арнайы жобасы аясында жергілікті меценаттардың қолдауымен жалпы құны 9 миллиард теңге болатын 46 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар, өңірдің шығармашылық ұжымдары қазақтың мәдениеті мен өнерін таныту мақсатымен әлемнің 12 елінің сахнасында өнер көрсетті. Аймақ кәсіпкерлерінің қаржысына Түркия астанасы – Анкараның орталығындағы Дина Нұрпейісова атындағы алаңда әйгілі күйшінің бюсті орнатылатын болады, – деді Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев.

***

«7-20-25» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері өңір тұрғындарынан құны 454 миллион теңгеден асатын 35 өтініш келіп түсті. Олардың 16-сына 181 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Биыл облыста 1792 пәтерден тұратын 26 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Кіріс көлемі 25 айлық есептік көрсеткіш болатын 65 мың адамның жалақысы 1,1 миллиард теңгеге өсті.

Биыл берілген шағын несиенің саны екі есе – 173-тен 366-ға дейін өсіп, жалпы сомасы 1558,9 миллион теңге болды.

2020 жылға қарай облыстағы оқу орындарының қажеттілігін толық қамтамасыз ететін 1960 орындық 13 жатақхана салынады.

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу