Бақытжан Сағынтаев: Ең басты мақсатымыз – әрбір азаматты еңбекке тарту

Бақытжан Сағынтаев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне азаматтардың статусын анықтау бойынша тапсырма берді.

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Мəдина Əбілқасымова, облыс және қала басшылары берген азаматтардың статусын нақтылау бойынша есебін тыңдап, аталған мәселеге қатысты нақты тапсырма берді.

«Баяндамадан көріп отырғанымыздай азаматтардың статусын анықтау бойынша бірқатар шара атқарылып жатыр. Дегенмен, жұмысты əрі қарай жалғастырып, жандандыру қажет. Бұл негізінен жергілікті өңір басшыларының жауапкершілігіне жатады. Ең басты біздің мақсатымыз – əрбір азаматты еңбекке тарту. Қазір цифрландыру саласы дамып келеді. Сол себептен Мəдина Ерасылқызы (Əбілқасымова – редакцияның ескертуі) Ақпарат жəне коммуникациялар министрімен бірлесіп, жұмысты əрі қарай жүргізуіңізді сұраймын», — деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр жақын арада сәйкес заң жобасы парламент мəжілісіне енгізілетінін де айтып, ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министріне аталмыш мәселеге қатысты арнайы тапсырма берді.

«Парламентте заң жобасының өтуін жылдамдатуды қамтамасыз етуді сізге тапсырамын», — деп тапсырды Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуын формализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленіп, Үкіметке енгізілді. Заң жобасы мемлекеттік органдармен және Президент Әкімшілігімен келісіліп, қоғамдық талқылаудан өтті. Бүгін Үкімет отырысында аталған заң жобасы қаралды.

ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Мəдина Əбілқасымова баяндамасында 2018 жылдың жеті айында 2 млн 700 мың азаматтың тең жартысының, яғни 1 млн 385 мың адамның статусы нақтыланғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігі орталық мемлекеттік жəне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бейресми жұмыспен қамтылған халықты нормализациялау жəне оларды ел экономикасына, міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру (МƏМС) жүйесіне тарту жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған жол картасын іске асырып жатыр. Азаматтардың статусын нақтылау МƏМС-ті енгізуге, олардың əлеуметтік құқықтары мен кепілдіктерін қорғау мақсатында оларды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне тартуға байланысты», — деді Мəдина Əбілқасымова.

Министр биылғы 7 айда азаматтардың статусын нақтылау бойынша атқарылған жұмыс нəтижесін жариялады.

«2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік дерекқорларда статусы болмаған 2 млн 700 мың адамнан бүгінгі күні 1 млн 385 мың адамның статусы нақтыланды. Олардың ішінде біріншіден, 548 мың жұмыскер еңбек шартын жасады. Олар бойынша міндетті зейнетақы жарналары түсе бастады. 13 мың кәсіпкер өз қызметін ресми түрде тіркеді. 22 мыңнан астам адам азаматтық — құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер, үй жұмыскері жəне шетелдік кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер ретінде анықталды. 17 мыңнан астам азамат жұмыссыз ретінде тіркелді», — деді Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі.

Ведомство басшысының дерегінше, екіншіден, 84 мың адам әлеуметтік төлемдерді, ал 19 мың адам атаулы әлеуметтік көмекті алушы ретінде тіркелді. 29 мың әйел жүктілікке байланысты есепке қойылды, 8700 адам 3 жасқа дейінгі баласына күтім жасап отыр.

«Үшіншіден, 642,5 мың азамат үй шаруасындағы әйелдер, студенттер, тыс жерлерге кеткен адамдар, 18 жастан асқан мектеп оқушылары ретінде және басқа санаттар бойынша нақтыланды. Сондай-ақ дерекқорларда қайталанатын жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН), мерзімі өткен құжаттар анықталып жаңартылды. 2018 жылғы 25 тамыздағы жағдай бойынша дерекқорларда статусы жоқ халық саны 1 млн 322 азаматты құрайды. Бұл 2018 және 2019 жылдарға арналған жоспардың 50%-дан астамын құрап отыр», — деді Мəдина Əбілқасымова.

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу