Әлемге тарыдай шашыраған қазақ миграциясы һәм Нұрлы көш

Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Сарыарқаның арасын қоныс еткен қазақ халқы бағзыдан осынау ұлан-ғайыр атырапты өріс етіп, ен жайлаған. Қазақ елі мың жылдық тарихында «Дос болғанға құшағы ашық туыстай, қас қылғанға қиып түсер қылыштай» ғұмыр кешті. 1897 жылы қазақтардың саны өз аумағында 4 миллион деп анық көрсетілген. Сол кездің өзінде шет елдерде 100 мыңдай ғана қазақ өмір сүріп жатты. Қазақ халқының даму үрдісінен, оның рухани өркендеу процесінен, халық санының жедел өсуінен секем алған сұрқия көсемдер қазақты қырғынға ұшыратты.


XX ғасырдағы қолдан ұйымдастырылған «Ашаршылық» пен сүт бетіндегі қаймақтарымызды қалқып алған «Қуғын сүргін» кезеңдерінде қазақ халқының басым бөлігі Атажұртында отыр еді. Советтік зорлық пен зобалаң кезінде «қазақтар шілдің қиындай шашырап» бас сауғалап кетті. Алаштың ардақтылары түгел атылып, «ат жақсысы арбаға жегіліп, ер игісі түрмеге тығылған» тұста қызыл империяның қанды тырнағынан ұрпақты аман алып қалудың бір қарекеті шетке қоныс аударып, жан сауғалау болатын. Аумалы-төкпелі заманда бас сауғалаған ел алыс шетелдерге ғана кеткен жоқ. Жат жұрттың қолында қалған қазақтың байырғы атажұртына, іргелес елдердегі туыстарына ауды. Елмен бірге атақоныс та жат қолында қалып, ірге бөлінді.
Сөйтіп, әлемге тарыдай шашыраған қазақтың бүгінгі жалпы саны ұлтымыздың үштен бірін, яғни 5 миллионнан астам адамды құрайды. Олар әлемнің 40-тан астам елінде өмір сүріп жатыр. Қазақстанның тәуелсіздігін елде ғұмыр кешіп жатқан халқымыз ғана емес, қиырда жанары мөлдіреген, туған елге алыстан сағынышпен көз салған қандас бауырларымыз да аңсай күтті. Тілеулес болды.
Қазақстан тәуелсіздік алуға санаулы күндер қалғанда-ақ, 1991 жылы 18 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «байырғы ұлт адамдарының басқа республикалардан және шет елдерден Қазақ КСР-ына көшіп келуі тәртібі мен шарттары туралы» қаулы қабылдады. Бұл заңның аясында Атажұртқа ұлы көш басталды. Президент Назарбаевтың «Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты қара шаңырағы» дегені қандастарымыздың көшіне қамшы басты.
Алғашқылардың бірі болып жеткен абыз ақсақал Халифа Алтай туған жердің топырағын маңдайына басып, сүйіп сәжде етті. Түркиядан, Монғолиядан арнаулы ұшақтармен көштің алды келе бастады. Атажұртты аңсаған көзі ашық, көкірегі ояу, мүмкіндігі бар азаматтар еш іркілместен аттарының басын Атамекенге бұрды. Оның дәлелі Мұстафа Өзтүрік сияқты әлемді мойындатқан, атақ пен абыройға ие азаматтардың елге келуі.
Шетел қазақтарымен бірге қара шаңыраққа тарихи мәдениетіміз, ұлттық әдебиетіміз, асыл мұра ән мен биіміз, күй мен жырымыз оралды. Алдыңғы буын өзі қанаттанған жұрттан көрген өнер-білімін, ғылымы мен техникасын елдің игілігіне жаратты. Мемлекет шетелдегі қандастарымызды шақырып қана қойған жоқ, жат жұртта жұтылып кетпесін деп жастарын оқытуды қолға алды. Шетелдегі қазақ жастары Атажұртта тегін білім алып, еңбекке араласты. Шетелден келген ағайын Атажұртының гүлденуіне экономикалық, демографиялық, рухани, әдеби-мәдени үлес қосып, қазақтың керегесі кеңейіп, қабырғасы бүтінделе түсті.
Осының нәтижесін, көші-қонның жетістігін 2014 жылы Елбасы «Біз 1 миллион ағайынды елге қайтардық!» деп мақтанышпен жариялады. Бұл ел бірлігінің, Елбасы еңбегінің жемісі, Нұрлы көш әлі жалғасып жатыр, жалғаса да бермек. «Күн сөнгенше сөнбейтін Алаш баласы» Атажұртына жинала береді, көш тоқтамақ емес. Елбасының Тәуелсіздіктің 25 жылындағы қазақ көшіне жасаған еңбегі әлем тарихында алтын әріптермен жазылатын ең үлкен жемісті еңбектерінің бірі ғана емес бірегейі!

Нұрғали Нұртай

2016 жыл. Қараша.

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу