Ахмет Байтұрсынұлының ұлағатты сөздері

Бүгін ұлт ұстазы, ағартушы ғалым, Алаш арыстарының рухани жетекшісі Ахмет Байтұрсынұлының туған күні!
Осыған орай ұлы тұлғаның қанатты сөздерін ұсынып отырмыз.

Отан – өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі, өзімізді қадірлей білу.
Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды.
Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.
Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы.
Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет қыламын деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп істей берсе – ұлт жұмысы ұлғайып толықпақшы.
Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі.
Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істендер! Сендер адассаңдар арттарыңнан алаш адасады: арттарыңнан ергендердің бал-сауабына сіздер қаласыздар.
Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі.
Қазақ жері қазақтан кетпес еді — қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсақ.
Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек.
Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап.
Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді.
Халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан, жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс.
Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.
Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты.
Сөздің ең ұлысы, сипаттысы – тарих!
XX ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті.
Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі
Жұрт ұқпаса ұқпасын. Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін.

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу