Ахмет Байтұрсынұлының асыл сөздері

Мектептің жаны мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.

****

Жұрт ұқпаса ұқпасын. Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін.

****

Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі.

****

Отан – өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі, өзімізді қадірлей білу.

****

Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап.

****

Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды.                              

****

XX ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті.

****

Сөздің ең ұлысы, сипаттысы – тарих!

****

Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек.

****

Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді.

****

Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.

****

Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты.

****

Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы.

****

Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет қыламын деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп істей берсе – ұлт жұмысы ұлғайып толықпақшы.

****

Қазақ жері қазақтан кетпес еді — қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсақ.

****

Қазақтың әлі күнге жерден қол үзбей отырғаны — жер қазыналық болғандықтан: әйтпесе, бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытқан қазақ бүгін — жерін сатып тойып, ертең — тентіреп кетер еді.

****

Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істендер! Сендер адассаңдар — арттарыңнан алаш адасады: арттарыңнан ергендердің бал-сауабына сіздер қаласыздар.

****

Халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан, жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс.

****

Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі.

****

Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі.

****

Замана сипаты: білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билер заман.

****

Шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме – бәрі де тарихтың жемі есебіндегі нәрселер.

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу