Сағынтаев Астана көшелерін су басудың алдын алуға тапсырмалар берді

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Астана қаласының әкімдігіне коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейтуді тапсырды: Бір көшелерді үнемі су басуы үйреншікті жайтқа айналған, — деп хабарлайды Tarlan.kz үкіметтің сайты primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев күн тәртібінен тыс Астанада жақында орын алған нөсер жауын салдарымен байланысты өзекті мәселені көтерді.

«Өздеріңіз білесіздер, соңғы бір-екі күнде толассыз жауған жауынның кесірінен Астанадағы бірқатар көшелер көлкіген судың астында қалды. Соның салдарынан жаяу жүргіншілер және де автокөлік иелері зардап шекті, қоғамдық көліктің қозғалысы да қиындап кетті.

Бұл мәселе жөнінде Елбасы тарапынан да бірнеше рет орынды сын-ескертулер айтылған болатын. Қаладағы канализация жүйесін түпкілікті шешу туралы тиісті тапсырмалар да берілген.

Жалпы, қаладағы жағдайға толық жауап беретін ол — әкімдік, оны бәріміз жақсы білеміз. Сол себепті, табиғаттың осындай тосын мінезіне дайындық үшін және коммуналдық қызметтердің жұмыстарының тиімділігі үшін де әкімдік жауапты екенін естеріңізге саламын.

Қала тұрғындары қалалық коммуналдық қызметтердің нашар жұмыстарынан зардап шекпеуі қажет. Бізде Б. Момышұлы даңғылы, Тұран даңғылы және Ұлы Дала көшелерінің қилысы, «Бараев» және «Жастар» шағын аудандарының су астында қалуы соңғы кезде қалыпты жағдайға айналып бара жатқан сияқты. Ауа-райын болжау қызметтерінің мәліметінше жаңбыр ұзаққа созылатын түрі бар.

Астана қаласының әкімдігіне тез арада осындай жағдайдың алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдауды, коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейтуді тапсырамын.

Мәселе жалпы Астана қаласының барлық көшелерінде емес, бірқатар көшелерде жылдан жылға қалыптасқан жағдай. Басқа көшелердің барлығы тура солай судың астында қалып жатқан жоқ. Б. Момышұлы даңғылында автобус судың астына кетіп жатыр, автобустың ішіне су кіріп кеткен. Сондай өте қиын көшелерді бірінші кезекте алдын ала жұмыстарды атқарып, тазалап қою қажет. Жұртшылықтың да, қала тұрғындарының да айтып отырғаны осы.

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу