Марат Тәжин — президенттік саясаттың идеологы

Қазақстанға өзінің ұлттық идеологиясы қажеттігі туралы әңгіме талай жылдан бері айтылып келеді. Әсіресе соңғы жылдары бұл мәселені қозғау трендке айналды. Әлеуметтік желіден бастап, республикалық газет-журнал беттерінде осыған қатысты жүздеген материал жарияланды. Қоғам өз идеологін іздеумен айналыса бастады. Көптеген деструктивті күштер бұл мүмкіндікті пайдаланып қалды. Осылайша »идеологтар» қаптап шыға келді. Әр кімде өз »идеологы» пайда болды. Идеологиялық вакуум жағдайында бұл қалыпты құбылыс.

Қазақстан Республикасының идеологиялық қызметі соңғы бес жыл ішінде әлсіреп, мемлекеттің басты идеологиялық штабы статусынан айрылған болатын. Оның басты себебі — идеологиялық қызмет мемлекеттік мүддені қорғауға қабілетсіздігінде еді. Ішкі саясатқа жауапты болған жоғарғы лауазымды шенділер мемлекеттік мүддені қорғау тұрмақ, президенттің баяндамаларын дайындауға шамалары әрең келетін. Ол туралы бірнеше жыл бұрын президент әкімшілігі жұмысы бойынша өткен жиналыстың бірінде Елбасы: «Баяндамалар тезистері өте сауатсыз, бірнеше бөлім дайындаумен айналысады. Соңында бүкіл материалмен танысып, баяндамаларды өзіме жазуға тура келеді. Ондай болса аппарат не үшін қажет?!» деп, сынға алғаны белгілі.

Мемлекеттің ішкі саясатын бақылау штабында қарапайым ғана жұмысты жүргізе алмай, саяси-идеологиялық жұмысты осындай жауапсыз, шетелдің мүддесіне қызмет еткен шенеуніктер атқарғаны соңғы бірнеше жылда орын алған көптеген дау жанжалдарға, ең белгілісі »жер дауы» сияқты өрескел қателіктерге алып келген болатын. Идеология өзіне деген немқұрайлықты, жүйесіздікті, тиянақсыздықты кешірмейтінін тарих айқын дәлелдеді. Ақпараттық қауіпсіздік сақталмай, діни ахуал ұшығып, оппозициямен жұмыс жүргізудің орнына репрессиялық құралдар қолданылып, әлеуметтік-экономикалық проблемалар саясиланып кетуге жағдай жасалды. Қазақстанның ішкі саясаты дағдарыс жағдайында жақындап келді. Идеологиялық қызмет өзі дағдарыс жағдайына негіз жасап, дағдарыста жұмыс істеді. Мемлекет ішкі саясатының дағдарысы көптеген проблемаларға жол ашты.

Қордаланып қалған идеологиялық күрделі мәселені шешуді Президент өз қолына алды. Елбасы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруды Марат Тәжинге жүктеді. Марат Мұханбетқазыұлы мемлекетіміздің ішкі-сыртқы саясатының архитекторларының бірі. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда алдына жан салмайтын мемлекетшілдік қасиеті зор тұлға. Нұрсұлтан Назарбаев 2001 жылы Марат Тәжинді ҰҚК басшы етіп тағайындаған кезде, ол туралы былай деген болатын: «Бізге мемлекеттің қауіпсіздік мәселелерін жаңа жағдайда қалыптастыру керек. Сол үшін Тәжинді тағайындадым. Тәжин Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатын білетін, білімі терең, аппаратта істеген адам. Ұлттық қауіпсіздік саласын реформалай алады». «Тәжиннің реформаторлығы, қазақ тарихын, әдебиетін, мәдениетін, дала философиясын түсініп өте нәзік дүниемен жұмыс жасай білуі қазіргі кезде өте сирек кездесетін қасиет.»

Салыстырмалы қысқа уақыт арасында елдің ішкі идеологиялық, ақпараттық саясат саласын орын орынға қойып, жаңа идеологиялық жоспарды құрды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалы мақаласы негізінде туындаған мета идеологиялық концепция, мемлекетшілдік бағыттағы соңғы маңызды әрі жағымды жаңалықтар Тәжин мырзаның саяси технологияларының нәтижесі екені жасырын емес. «Қазақстанның ең мықты саяси технологтары аз ғана тұлғалардан тұрады. Бірінші орында президент Назарбаевтың өзі болса, екінші орында Тәжин» деген тезис отандық саясаттанушыларымыздың нақыл сөзіне айналған. Бұл тұрғыда, Совет одағында КПСС бас хатшысынан кейінгі мемлекеттік саяси биліктегі екінші адам — идеология бойынша хатшы болғаны көп нәрсені аңғартады.

Марат Тәжин атқарып жатқан бүгінгі жұмыс: Президент құрған мемлекеттік саясатты мықтап ұстанып, кезең-кезеңмен жүргізудің механизмдерін іске қосу. Жыл басында Президент Назарбаев Тәжинді Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындаған кезде, коғам да, сарапшылар да бұл шешімді құптап, орынды бағасын бергені есімізде. Бүгінгі күні сол үміт ақталып жатқанына куәміз. Марат Тәжин Қазақстанның ішкі саясат кураторы, идеологы болып тағайындалғанына аз уақыт қана болса да, үлкен жұмыс атқарылып, жоспарға сәйкес жүзеге асуда. Осы жыл профессор Тәжиннің әдістері ұлттық мүддені қорғау мен мемлекеттік саясатты күшейту логикасында қолданыс табады деп айтуға толық негіз бар.

Нұрғали Нұртай

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу