10-ыншы Премьер-министрдің саяси мұрасы

 Премьер-министр қызметін атқарған Бақытжан Сағынтаевтың үкіметі отставкаға жіберілгелі бір апта болды. Оның қарамағында қызмет атқарған біраз министр жаңа үкіметке енсе де Сағынтаев әлі басқа қызметке тағайындалмады. Дүйсенбі күні жаңа Үкімет басшысы тағайындау барысында Президент Назарбаев Бақытжан Сағынтаев туралы арнайы айтып, «Бұған дейін атқарған лауазымдарын лайықты атқарып, өзін жақсы қырынан көрсетті. Бақытжан Сағынтаев – адал әрі тәжірибелі азамат. Ол басқа да салаларда қызмет ете алады», – деді. Сағынтаевтың жеке іскерлігіне мін тақпады, отставканы әлеуметтік саладағы ведомстволардың, жұмысындағы олқылықтар бүкіл Үкіметтің отставкаға кетуіне әкеп соқтырды деп түсіндірді мемлекет басшысы.

Бірақ саясаттанушылар мен сарапшылардың пікірінше, үкімет саясатының осалдығы, үкіметке бағытталған сын мен жағымсыз пікірдің бәрі бір ғана жауапты тұлға – Сағынтаевқа артылды. Сағынтаев құдды Ресейдің 20 жыл бұрынғы Үкімет басшысының бірінші орынбасары болған Чубайс тағдырын қайталағандай болды. Ресейде «Во всем виноват Чубайс» деп әлі айтып жүр…

Бақытжан Сағынтаев оңай кезде Үкімет басқарған жоқ. Мысалы оған дейін жеті жарым жыл үкімет басқарған Мәсімовты – «нөсерлі жаңбыр күні көгалды суарушыдай» деп бағалаған еді саясаттанушылар. Мұнай мен шикізаттан түскен қаражат нөсерше жауып жатқан кезде ел экономикасын басқару үшін асқан таланттың қажеті жоқ. Шын басшы қиын кезеңде сыналады. Мұнай арзандап, Еуразиялық экономикалық интеграция машинасы жұмыс істей бастаған, кейбір шағын және орта бизнестер тұралаған кезде елде EXPO мен Астананың 20 жылдығын өткізумен параллель әлеуметтік мәселелердің ушығуы қашып құтылмас салдар еді.

Шынымен Бақытжан Сағынтаев қандай басшы болды? Қызмет жолына бір көз тастайық:

Үкіметтің ашықтығы

Президент те айтқандай атқарған қызметтерінде Сағынтаев өзін іскер, нәтижелі басшы ретінде тек жақсы жағынан ғана көрсете білді. Сағынтаев үкімте басшысы болып тағайындалған кезден бастап, оған дейін болған жабық есік жағдайында өтетін үкімет отырыстары бірден ашық форматқа көшіп, әлеуметтік желідегі премьер-министрдің ресми парақшасынан тікелей эфирде үкімет отырыстары көрсетіле бастады. Бұл тіпті Асқар Мәминнің премьерлік жұмысының алғашқы күнінен жалғасын тапты. Сағынтаев үкімет жұмысын ашықтыққа негізделген принциптермен басқарып келді, премьердің бұл шешімі қоғам мен әлеуметтік желі пайдаланушылары тарапынан позитивті бағаланды.

Жаңашыл һәм жасампаз

Бақытжан Әбдірұлы Үкіметке басшы қызметіне кірісіп, алты айдан соң АҚШ асып, әлемдегі алпауыт компаниялар басшыларымен жүздесіп, компаниялардың штап-пәтерлерін, өндіріс орындарын аралап, ІТ-технологиялар, машина жасау, энергетика, тау-кен, химия, тамақ және өңдеу өнеркәсібі, телекоммуникациялар, болашақтың көлігі, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау және өмір сапасын жақсарту салаларында ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады. Бірқатар келісімдерге қол жеткізіп, инвесторлардың назарын Қазақ еліне аудартты.

Иә, Сағынтаев мықты орындаушы, тәжірибелі ұйымдастырушы. Бірақ сонымен қатар Бақытжан Әбдірұлының шенеуніктерде сирек кездесетін креативті қасиеті бар. Оны қолынан тастамай жүретін смарт сағатына қарап-ақ байқауға болады. Цифрландыру бойынша Алматыда екі рет Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үкімет басшыларының қатысуымен өткен форумдарды басы-қасында болды. Өзінің кабинетінде вице-премьер Асқар Жұмағалиевті арнайы цифрландыруға жауапты етті.

Қырғызстанмен қатынастағы қайраткерлігі

2017 жылдың аяғына Қырғызстанмен арада орнаған кеден дауында Қазақстанның ұлттық мүддесін жоғары деңгейде қорғай білді. Сол кездегі қырғыз президенті Атамбаев айтқан Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының жекелеген қыр-аспектілеріне қатысты бірқатар орынсыз, әрі екі елдің өзара достық қарым-қатынасына нұқсан келтіретін сөздеріне қарсы алғашқы болып қатаң мәлімдеме жасады. Конструктивті әрі қатаң жауап бере отырып, Атамбаевтың өз пайдасы мақсатындағы әредік қарсы шығу пиғылдарына қарамастан, Қазақстан Үкіметінің қазақ-қырғыз стратегиялық әріптестігі мен ынтымақтастығын одан әрі белсенді тереңдетіп, кеңейте түсуге ниетті екенін атап өтті.

Азаматтық қоғаммен қатынасы

Сағынтаев Үкімет басшысының бірінші орынбасары қызметінде Жер комиссиясына төраға болғанын білеміз. Бақытжан Әбдірұлы комиссияның құрамына белгілі оппозиция өкілдерін, қоғам белсенділерін енгізді. Солармен жұмыс істеді. Пікірлерін тыңдап, азаматтық қоғамның құнды кеңестерін қабылдады. Бұл арқылы біз Бақытжан Әбдірұлының өте жоғары деңгейде келіссөз жүргізу және қоғамдық процестерді модерациялау, ұйымдастыру қасиетін байқадық. Үкіметке басшы қызметке тағайындалғанда да азаматтық қоғаммен байланысын үзген жоқ.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев 2017 жылы сәуірде Мемлекет басшысының қабылдауында болған кезде «Азаматтардың ұлтшылдығы, еліне деген көзқарасы, азаматтық борышы басқа болатын болса, технологиялық жаңғыруды жетістіру қиын болады» деп, қазақ ұлтшылдығының қажеттілігін танып әрі мойындап, және оны позитивті контексте қолданған жоғары саяси элитаның алғашқы өкілі болды.

***

Әлбетте, біз Сағынтаевты ақтайын не қаралайын деп отырған жоқпыз. Бақытжан Сағынтаев десе жұртың есінде өткен жылдың күзінде кейбір министрлер мен әкімдерді сынап-сілкіп алғаны ғана қалатын болар. Бірақ, ол ылғи да жұмысына жауапкершілікпен қарады.  Санамаласақ атқарған еңбегі де көп. Премьер Сағынтаев кезінде жабылып қалған педиатрия бөлімдерін қайта ашып, жандандыру туралы шешім қабылдады. Оның кезінде ресейлік полигондардың ауқымы азайды. Жекешелендіру келесі кезеңі белсенді жүрді. Бастысы қоғаммен қақтығысқа бармады.

Президент Назарбаевтың үкімет алдына қойған мақсат-міндеттерді Сағынтаев бастаған министрлер кабинетінің әлеуметтік-экономикалық саясаты орындауға қаблетті болды. Кейбір бұрынғы үкімет басшылары қолданған популистік тәсілдерді шетке ысырып, нақты жұмыспен айналысып, экономиканы тұрақты ұстап тұруға бар күшін салды. Әрине, бұл Премьер-министр ретінде лауазымды тұлғаның атқаруға тиісті халық алдындағы қызметі. Бірақ, бұның бәрін жоққа шығармай, масс-медианың жетегіне кетпей қоғам тарапынан әділ бағасын беру қажет-ақ.

Сағынтаев Премьер-министр болып тағайындалғаннан бастап елімізде әлеуметтік саси даулар саяси дағдарысқа ұласпағанын атап айту керек. Сағынтаев өзін тек нәтижелі менеджер ретінде ғана емес, саяси өресі жоғары мемлекетшіл тұлға, жұмсақ, либералды реформаторлардың жақтаушысы ретінде байқатты.

 

Нұрғали Нұртай

Оставить комментарий

avatar
  Жазылу  
Ескерте салу